Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:47

Баку ТМД Экономикалық кеңесінің отырысына қатысудан бас тартты

Әзербайжан
Фото: БАҚ

Бұл Мәскеумен арадағы шиеленіске байланысты болған.

Әзербайжан үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Ягуб Эюбов Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) Экономикалық кеңесінің Мәскеуде өтетін отырысына бармайды. Бұл туралы Trend агенттігі сенімді дереккөзге сілтеме жасап хабарлады. Ақпарат көзіне сәйкес, Баку ТМД елдерінің экономикалық ынтымақтастығына жауапты орган жұмысына қатыспау жөнінде шешім қабылдаған, себебі Мәскеумен арадағы қарым-қатынастың ушығуы бұл қадамға итермелеген.

“Мұндай шешім қабылдауға себеп – Екатеринбургтегі соңғы оқиғалар, өткен жылдың соңында ресейліктер атып түсірген AZAL ұшағы және осы мәселелерді шешу бойынша Ресей тарапынан тиісті қадамдардың болмауы”, - деді дереккөз.

Соңғы бір жылда Ресей мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас екі рет күрт шиеленіскен:

  • 2024 жылғы желтоқсанда Қазақстан аумағында AZAL әуе компаниясының жолаушылар ұшағы құлап, алдын ала болжам бойынша оны Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі атып түсірген.
  • 2025 жылғы маусымда Екатеринбургте Әзербайжан диаспорасының мүшелері ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деген күдікпен ұсталды, олардың екеуі кейін қайтыс болды.

Жауап ретінде Баку “Sputnik-Әзербайжан” агенттігінің қызметкерлері мен бірнеше ресейлік IT-маманын ұстады.

Осы оқиғалардан кейін Әзербайжан тарабы ТМД шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастықтан уақытша бас тартуға шешім қабылдаған.