«Шаршадым, әлі төрт ай ма?» — сарбаз Мұхамедияр Тастанның соңғы сөзі

18 жастағы Мұхамедияр Тастан — Түркістан облысы Жанабазар ауылының тұрғыны. Ол әскерге өз еркімен аттанып, 2024 жылдың қыркүйегінде Шығыс Қазақстандағы «Күмбел» шекара бекетіне жіберілді.
Болашақта келісімшартпен әскери қызметте қалып, ата-анасына қолдау көрсетіп, отбасы құруды мақсат еткен. Алайда екі ай өтпей жатып, отбасына оның қаза тапқаны жайлы қаралы хабар жетті — Мұхамедияр күзет мұнарасында өзін-өзі атып, жан тәсілім еткен.
— Арманы көп, қажырлы ұлымыз еді. Бізге көмектескісі келіп, өз болашағын жоспарлап жүрді. Бірақ табытпен қайтты, - дейді әкесі Арман Тоғызбаев.
2025 жылғы 23 сәуірде Семей гарнизонының әскери соты кіші сержант Азамат Такибаевты өкілеттігін асыра пайдаланды деп танып, Мұхамедиярды психологиялық қысым арқылы өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар марқұмның отбасына 11 миллион теңге өтемақы төлеу міндеттелді.
— Бір адамның өмірі үшін алты жыл ма? Ол бес жарым жылдан кейін бостандыққа шығады. Ал біз баламызсыз өмір сүріп жатырмыз, - деп күйінеді анасы Рахима Жандарова.
Іс материалдарында көрсетілгендей, Такибаев Мұхамедиярды ұрып-соғып, түн ортасында оятып, ауыр жұмыстарға жеккен. Сарбаз тек шекара күзетінде емес, мал бағу, шаруашылық тірліктерін де қатар атқарған. Демалыссыз жұмыс істеген.

Сотта басқа сарбаздар да сержанттың Мұхамедиярға көпшілік алдында тіл тигізіп, қорлап, ұрғанын растады. Қайғылы оқиға қарсаңында да Такибаев оны жұрт көзінше бетінен екі рет ұрып, тағы да мазақ еткен.
2024 жылдың 7 қарашасында Мұхамедияр әдеттегідей атқорада жұмыс істеп жүріп, АК-74 қаруын және 50 патрон алып, мұнараға көтерілген. Сағат 17:00-де рация арқылы “көлік жоқ” деп хабарлаған соң, бірнеше минуттан кейін екі рет оқ атылған. Жансыз денесі жәшіктің үстінен табылған. Сараптама оның жақ иек тұсынан атылған оқтан қаза тапқанын көрсетті.
Оның денесінен көгерген іздер мен доғал затпен ұрған белгілер табылған. Ата-анасы Мұхамедияр ұзақ уақыт қысым мен соққыға шыдаған деп есептейді. Олар сот үкімі бір ғана сержантқа жүктеліп, офицерлердің жауапсыз қалғанын әділетсіз деп санайды.

Сержант Такибаев сот барысында қысым көрсеткен жалғыз өзі емес екенін айтып, офицер Тоқсанбаевтың сарбаздарды ұрып, жалған куәлік беруге итермелегенін мәлімдеді. Алайда сот бұл мәліметтерге құқықтық баға бермеді.
Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы үш жылда Қазақстан армиясында 270 сарбаз қайтыс болған. Оның 86-сы — өз-өзіне қол жұмсаған. Көп жағдайда бұл істер толық тергелмейді немесе жауапкершілік тек бір тұлғаға ғана жүктеліп, жоғары командирлік құрам жазадан құтылады.
Мұхамедиярдың ата-анасы жүйелі тексеріс жүргізіліп, офицерлер де жауапқа тартылуы керек деп талап етуде.
— Ұлымды құлдыққа жіберген жоқпыз. Неге ешкім қорғамады? Бұл әділдік емес, - дейді Арман Тоғызбаев.