«Журналистерді қорғау комитеті» Қазақстан билігін сынады

«Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігінің Азаттық радиосының 16 тілшісіне аккредитация бермеуін қатаң сынға алды.
– Біз Қазақстанның Азат Еуропа/Азаттық радиосының 16 тілшісіне аккредитация бермеу туралы шешімін айыптаймыз. Былтырғы Азат Еуропа/Азаттықтың 36 тілшісін аккредитациядан айыру жағдайы қайталанып отыр. Мұндай негізсіз қадам басылымды танымал және жоғары бағаланатын репортаждары үшін жазалау сияқты көрініп отыр. Қазақстан билігі дереу мұндай шешімнен бас тартып, Азаттық тілшілеріне еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі керек, - деді ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Гүлноза Саид.
Бұл мәлімдеме CPJ-дің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланып, Қазақстан сыртқы істер министрлігі, Ақорда және президент Тоқаевтың парақшалары белгіленген.
Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 16 журналисіне аккредитация бермегенін растаған. Министрлік тілшілердің аккредитациясыз жұмыс істегенін алға тартқан. Ал Азаттық бұл мәлімдемемен келіспей, құжаттарды уақытылы тапсырғанын айтып, СІМ-ді сотқа берген.
Айта кетейік, СІМ бұған дейін де Азаттық журналистерінің аккредитациясын кешіктіріп келген. 2024 жылы қаңтарда «RFE/RL-Қазақстан» министрлікті сотқа беріп, кейін тараптар медиация арқылы келісімге келген болатын. Нәтижесінде журналистерге аккредитация берілген.