Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Депутат Назарбаевтың Путинмен кездесуін сынға алды

Назарбаев пен Путин
Фото: скриншот

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи мемлекеттік құпияларға қолы жеткен бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың шетелге шығуын заңмен реттеу қажеттігін айтты.

Оның сөзінше, бұл қадам ұлттық қауіпсіздікті қорғау үшін маңызды.

Депутат экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуіне қатысты қатаң пікір білдірді. Ол бұл әрекетті Қазақстан мүддесіне сай емес деп бағалап, өткір сын айтты.

«Бұл не қылған сүмеңдеген жүріс?! Кезінде жеке өзі билеп-төстеп, бір шыбықпен айдаған халқы пана болмайтынын сезген сорақының қорлығы ғана ма? Әлбетте, бұл тіленшектік Қазақстанға, қазаққа қарайлас қарекет емес, әдеттегідей тойымсыз жеке бастың қамы болса керек! Сондықтан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияны білетін тұлғаның (экс-президент болсын, министр немесе басқа да лауазымгер болсын) шет елге шығу мүмкіндігін реттейтін заң қажет шығар», - деп жазды депутат.

Айта кетейік, 28 желтоқсанға қараған түні Ресей президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты Кремльде қабылдады. Видео Кремльдің ресми арналарында жарияланды, кездесудің мазмұны жайлы ресми тарап егжей-тегжей айтпады.

Бұл Назарбаевтың биыл Путинмен екінші рет кездесуі. Бұған дейін олар 2025 жылы мамырда кездескен.