Қытайлық инженерді соққыға жыққан қазақстандық жұмысшыға айыппұл салынды

Жамбыл облысында қытайлық инженерді соққыға жыққан зауыт жұмысшысы айыппұлмен жазаланды.
Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, 2025 жылдың маусымында зауыт қызметкері, Қазақстан азаматы Д. өз бастығы, Қытай Халық Республикасының азаматы, инженер-технолог Ю.-ға жұмыс уақыты есебіне қол қоюын сұраған. Алайда басшысы бас тартқан соң, екеуінің арасында жанжал туындап, ашуға булыққан жұмысшы Ю.-ды бірнеше рет беті мен денесіне жұдырықпен ұрған.
Нәтижесінде инженер дене жарақатын алып, шабуыл жасаған азаматқа ҚР ҚК 109-1-бабы 1-бөлігі (денсаулыққа жеңіл зиян келтірмеген соққы жасау) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтып, жәбірленушіден кешірім сұраған. Алайда Ю. кешірім бермей, моральдық шығын ретінде 1 миллион теңге өндіріп беруді және сот шығындарын өтеуді талап еткен.
Сот айыпталушының кінәсін мойындауы мен өкініш білдіруін жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырып, оған 40 АЕК (157 280 теңге) көлемінде айыппұл салды. Сонымен қатар сот жәбірленушінің азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, 500 мың теңге моральдық өтемақы мен өкілдік шығындарын өндіріп беруді шешті.