Даурен Абаев: «Қазақстандықтар Ресейге деген достық сезімін жоғалтқан жоқ»

Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Даурен Абаев ресейлік басылымға берген сұхбатында екі ел арасындағы қарым-қатынастар туралы, әсіресе қазақстандық жастардың Ресейге деген көзқарасы жайында айтты.
Оның сөзінше, Қазақстан халқының 60%-ға жуығы КСРО ыдырағаннан кейін туғанымен, Ресейге деген жылы көзқарас сақталып отыр", - деп жазады «Аргументы и факты».
Абаевтың айтуынша, Қазақстанда орыс тілін еркін меңгерген жастар әлі де көп. Олар ресейлік фильмдерді көріп, музыка тыңдайды. Әлеуметтік сауалнамалар нәтижесінде де Ресей тұрақты түрде қазақстандықтар үшін дос елдердің қатарында аталады.
– Ұрпақ алмасуына қарамастан, бізде уақытпен өзгермейтін, мызғымайтын құндылықтар бар. Бұл – көршілестік, өзара көмектесу, тарихи қиындықтарды бірге еңсеру дәстүрі. Екі елдің арасында әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара, ортақ экономикалық, гуманитарлық, саяси жобалар бар. Бұған қоса мәдени байланыс пен менталитет жағынан да ұқсастық жетерлік, - деді Абаев.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей халықтарының басым бөлігі тығыз ынтымақтастықты қолдайды.
– Әрине, кез келген қоғамда саяси бағыттарға көңілі толмайтындар болады. Бұл – қалыпты құбылыс. Әртүрлі пікірлер – қоғамдағы ой еркіндігінің көрінісі. Бірақ әлеуметтік тұрғыдан алғанда, қос халықтың негізгі бөлігі достық пен серіктестікті қолдайды, - деп толықтырды елші.
Даурен Абаев екі елдің ортақ проблемаларға бірлесе жауап беріп жатқанын да айтты. Атап айтқанда, су тапшылығы, энергетика мен көші-қон салаларындағы ынтымақтастықты мысалға келтірді. 2010 жылдан бері су мәселесіне қатысты келісім күшінде, бірлескен комиссиялар жұмыс істеп келеді. Олар әсіресе көктемгі су тасқыны кезінде үйлесімді әрекет етеді.
– Екі ел де технологияға, инфрақұрылымға, мониторингке инвестиция салуға дайын. Су ресурстарын әділетті, ашық және ғылыми негізде бөлісуге бейіл, - деді ол.
Энергетика саласында да Қазақстан мен Ресей бәсекелес емес, серіктес елдер. Қазақстан өз мұнайын Ресейдің құбыр жүйесі арқылы Еуропаға экспорттаса, Ресей Қытай мен Үндістан нарығымен жұмыс істейді. Қазір екі ел де мұнайдан кейінгі болашаққа дайындалып, баламалы энергия көздерін дамытуға кіріскен.
Сұхбат барысында Абаев Ресейдің шекаралық бақылау шараларын да тілге тиек етті. Ол «қара тізімдер» мен елге кіру ережелерінің қатаюы – әлемдік тәжірибеде бар нәрсе екенін айтып, бұл көбіне заң бұзушыларға қатысты қолданылатынын жеткізді.
2024 жылғы 30 маусымнан бастап Ресей Қазақстан азаматтарына қатысты жаңа кіру ережелерін сынақтан өткізе бастады. Абаев бұл халықтың алаңдаушылығын түсінетінін, бірақ бұл – Ресейдің егемен құқығы екенін айтты. Сонымен қатар ол жаңа RuID жүйесі шекарадан өту процесін жеңілдетеді деген үміт білдірді.
– Бүгінде смартфон ұстаған кез келген адам ақпарат көзіне айналып отыр. Өкінішке қарай, кейде «хайп» қуған тұлғалар шындықты бұрмалап, сенсация жасау үшін кәсібилікті де, этиканы да елемейді, - деді елші.
Сұхбат соңында Абаев соңғы алты жылда Қазақстанда жүріп жатқан реформаларға тоқталды. Оның айтуынша, бұл кезең – үлкен өзгерістер мен жаңғыру кезеңі.