Үкіметте өңдеу қуаты жылына 1 млн тонна болатын қант зауытының жобасы таныстырылды
Жобаға сәйкес, зауыттың өңдеу қуаты тәулігіне 8-10 мың тоннаны құрайды, бұл жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеуге және 130 мың тоннаға жуық қант өндіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өңдеу қуатын арттыру үшін жұмыс істеп тұрған қант зауыттарына жаңғырту жүргізілуде. Бұл жұмыс жаңа зауыттың құрылысымен бірге Қазақстанға қант бойынша импортқа тәуелділікті кезең-кезеңімен төмендетуге және қант қызылшасынан тереңдете қайта өңделген өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда қант қызылшасын өңдеу бойынша жалпы тәуліктік қуаты 8,7 мың тонна және 2,4 мың тонна қамыс құрағын өңдейтін 4 қант зауыты жұмыс істейді.
2023 жылы республикада қантты ішкі тұтыну көлемі 507 мың тоннаны құрады. Ел қажеттілігінің негізгі көлемі ЕАЭО елдерінен дайын қантты импорттау және қамыс құрағын өңдеу есебінен қамтамасыз етіледі.