Газа секторындағы әуе шабуылы 74 адамның өмірін қиды

1 шілдеде Израиль әскерінің әуеден жасаған соққысынан Газа секторында кемінде 74 адам қаза тапты.
1 шілде күні Израиль әскерінің әуеден жасаған соққысы Газа секторында ауыр қайғыға ұласты – ресми мәліметке сәйкес, кемінде 74 палестиналық қаза тапты. Құрбандардың дені – бейбіт тұрғындар, олардың ішінде әйелдер мен балалар көп.
Шабуылдың бірі Газа қаласының жағалау маңындағы «Аль-Бақа» кафесіне бағытталған. Бұл жерде, куәгерлердің айтуынша, жарық пен байланыс үзілгендіктен, адамдар телефондарына қуат алу үшін жиналған. Жараланғандардың көбі – әйелдер мен балалар.
«Бірде-бір ескерту болған жоқ. Бір сәтте аспанда әскери ұшақ пайда болып, жер сілкінгендей соққы жасалды», - дейді куәгер Али Абу Атейла.
Газа Денсаулық сақтау министрлігінің жедел жәрдем қызметінің басшысы Фарес Авадтың айтуынша, бұл шабуылдан 30 адам көз жұмып, ондаған адам ауыр жарақат алды.
Сол күні Газа қаласының басқа бөліктеріне де соққылар жасалған. Шифа ауруханасының дерегінше, тағы 15 адам мерт болды. Ал Завайда қаласының маңындағы ғимараттың қирандыларының астынан 6 адамның мәйіті табылғаны туралы Аль-Ақса ауруханасы хабарлады.
Газа секторындағы жағдай күн өткен сайын ушығып барады. Оңтүстіктегі Хан-Юнис қаласында гуманитарлық көмек алуға бара жатқан палестиналықтарға оқ жауып, 11 адам қаза тапты. Бұл туралы куәгерлер, медицина қызметкерлері және Денсаулық сақтау министрлігі бір ауыздан мәлімдеді.
Қаза болғандар – GHF (Gaza Humanitarian Foundation) көмек орталығынан азық-түлік алып, үйлеріне қайтып келе жатқан қарапайым адамдар. Олардың жолдары бір бағытты, балама жол болмаған. Куәгерлердің айтуынша, бұл оқиға бірінші рет емес – соңғы бір ай ішінде осындай жағдайлар қайталанып, гуманитарлық көмек кезегінде тұрған 500-ден астам бейбіт тұрғынның қаза табуына әкеп соққан.
Халықаралық қауымдастық тарапынан гуманитарлық дағдарыс туралы дабыл қағылса да, бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмей отыр.