Лондонда Украинадағы атысты тоқтату мәселесі бойынша кездесу өтеді

Украинада «тұрақты бейбітшілікке» қол жеткізу мақсатында өтетін келіссөздерге 23 сәуір күні АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Украина қатысады.
Бұл туралы Украина Президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.
Украина басшысы 21 сәуір, дүйсенбі күні X әлеуметтік желісінде алдағы халықаралық кездесуді жариялап, оның Лондонда өтетінін айтты. «Украина, Ұлыбритания, Франция және АҚШ – біз барынша конструктивті әрекет етуге дайынбыз», – деп жазды Зеленский.
Келіссөздердің мақсаты – сөзсіз атысты тоқтату, одан кейін нағыз және тұрақты бейбітшілік орнату, деп қосты Украина Президенті. Сонымен қатар ол бұл саммит жайлы Ұлыбритания Премьер-министрі Киир Стармермен талқылағанын айтты.
Осыған ұқсас төрт елдің және Германияның қатысуымен өткен кездесу 17 сәуір күні Парижде ұйымдастырылған еді. Бұл – Дональд Трамп АҚШ президенті қызметіне кіріскеннен кейін еуропалық мемлекеттердің Украина мәселесін бірлесіп талқылауының алғашқысы болғанын AFP агенттігі атап өтті.
Алайда, dpa агенттігі Трамп әкімшілігі Украинаға ұзақ мерзімді қолдау көрсетуге дайын емес екенін және Киевке Ресеймен мүмкіндігінше тезірек бейбіт келісімге келу үшін қысым жасап жатқанын еске салады. Атап айтқанда, Украинадан НАТО-ға кіруден ғана емес, өз аумағының едәуір бөлігінен бас тарту талап етіліп отыр.
21 сәуір күні Кремль жариялаған «пасхалық бітім» аяқталғаннан кейін, Украина Президенті Владимир Зеленский Ресейге азаматтық нысандарға кез келген соққыны 30 күнге тоқтатуды, әрі бұл мерзімді ұзарту мүмкіндігін ұсынды.
Ресей Президенті Владимир Путин бұл ұсынысты "мұқият қарастыру қажет" деп, Украинамен тікелей келіссөздер өткізу мүмкіндігін жоққа шығармады.