Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 18:00

Эфиопия Ресейге жолаушылар ұшақтарын жалға беруден бас тартты

Путин
Фото: zhasalash.kz

Ресей Эфиопиямен «ұшақ жалға алу (мокрый лизинг)» шарты бойынша жолаушылар ұшақтарын жалға алу туралы келіссөз жүргізген. 

Бұл келісімге техникалық қызмет көрсету мен экипажды ұсыну да кіретін. Алайда Ethiopian Airlines компаниясының басшысы АҚШ санкцияларын алға тартып, келісімнен бас тартты.

Эфиопияның азаматтық авиация басқармасы ресейлік делегациямен келіссөз болғанын растағанымен, Ethiopian Airlines-ке жалға беру туралы нұсқау беруге құзыреті жоқ екенін және ондай бұйрық берілмегенін мәлімдеді.

Ethiopian Airlines Group компаниясының бас директоры Месфин Тасев Ресеймен «ұшақ жалға алу» мәселесіне байланысты келіссөздер жүргізілді деген ақпаратты «мүлдем жалған» деп атады. Ол журналистерге берген мәлімдемесінде ресми келісім жасалмағанын нақты айтты.

Ол Ресейге ұшақ жалға беруден бас тартуға екі негізгі себеп келтірді. Біріншіден, Ethiopian Airlines қазіргі таңда өз қызметін кеңейтіп жатыр және жолаушылар мен жүк тасымалына деген сұраныстың артуына байланысты өзі қосымша ұшақтар іздеуде.

Екінші, басты себеп – Ресейге қарсы халықаралық санкциялар. Тасевтің айтуынша, Ethiopian Airlines АҚШ-пен тығыз коммерциялық және операциялық байланыста.

«Ресей АҚШ санкциясына ұшыраған, ал біздің компания халықаралық ережелер мен АҚШ заңнамасына сәйкес жұмыс істейді. Біз бұл нормаларды бұзуға тәуекел ете алмаймыз», - деді ол.

Бұған дейін ресейлік делегация Эфиопия астанасы Аддис-Абебада Ethiopian Airlines-пен «мокрый лизинг» келісімін талқылағаны туралы ақпарат тараған. Келіссөздерге Ресейдің Эфиопиядағы сауда өкілі Ярослав Тарасюк жетекшілік еткен. Тараптар техникалық қызмет, экипаж және сақтандыруды қамтитын келісім жайлы сөйлескен.

Ch-aviation сайтының жазуынша, ресейлік делегация Эфиопияның Boeing ұшақтарына техникалық қызмет көрсетуге лицензиясы бар екенін ескерткен.

2025 жылдың сәуірінде Ресей Мемлекеттік думасы шетелдік авиакомпаниялардан экипажымен бірге ұшақ жалға алуға (мокрый лизинг) рұқсат беретін заң қабылдады. Бұл бастамаға әсіресе «Аэрофлот» қолдау білдірген.

«Важные истории» басылымы 2024 жылы Ресейдің Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Катар және Кувейт секілді елдермен де осындай келісімге келуге тырысқанын жазады. Бұл — санкцияны айналып өтудің Иран қолданған тактикасы. Украинаға қарсы соғыстан кейін Ресейге жаңа ұшақтар мен батыс бөлшектерін сатып алуға тыйым салынған.

Тегтер: