Ұлттық валюта және қаржыгерлер мәртебесі
«Тиыннан теңге құралады» дейді халқымыз. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі біздің негізгі жетістіктеріміздің бірі – Ұлттық валюта теңгенің пайда болуы. 15 қараша – Ұлттық валюта күні. 1993 жылы дәл осы күні теңге ресми айналымға енген болатын. Ал 1997 жылы тұңғыш президент жарлығымен бұл күн әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. Мемлекеттіміздің мәртебесі тағы бір дәлелденіп, абыройымыздың асқақтай түскеніне биыл тура 30 жыл толып отыр. Осынау мерекені Батыс Қазақстан облысының қаржыгерлері де салтанатты түрде атап өтті. Бұл датаның президенттің Жарлығымен қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілуі әр қаржыгердің мәртебесін асқақтатып, атқарып жүрген қызметі мен міндетінің маңыздылығын арттырды.
Егемен елдің осыдан тура отыз жыл бұрын енгізілген төл теңгесі бүгінде әлемдік қаржы айналымында өзіндік орны бар валюта. Қазіргі капиталистік қоғамда теңгенің қадірін қаржыгерлердей анық білетін адам кемде-кем болар. Қаржыгерлердің ең негізгі міндеттерінің бірі — мемлекеттің ақшасын дер кезінде жинап, тиімді пайдаланып, мемлекеттің экономикасының дамуына жұмыс жасау екені анық. 15 қараша күні Орал қаласында ҚР Ұлттық валютасы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Бұл шараға қаржы саласының ардагерлері мен қаржыгерлер, облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, БҚО облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, «Қызмет» БҚО мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Серік Сүлеймен, БҚО бойынша тергеу комиссиясының төрағасы Әлібек Қадырбеков қатысты.
«Қарашаның он бесі қазақ елі үшін ерекше маңызға ие. Өйткені бұл күні егемен еліміздің тәуелсіздігінің ерекше белгісі саналатын ұлттық валютамыз теңге айналымға енді. Бұл күн еліміздің экономикалық кеңістігін қалыптастырып, қаржы рыногында даму негізін қалады. Еліміздің халықаралық аренада танылуына әсер етті. Ұлттық валюта күнінің қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келуі тегін емес. Олар ұлттық валютамызбен тікелей жұмыс істеп, оның айналымын ұдайы қадағалап отырады. Бүгін кең байтақ қазақ елінің әр аймағындағы қаржыгерлер мен аталмыш орган қызметкерлері әр тараптарына жолданған жүрекжарды құттықтауларды қабылдауда. Олардың арасында өз ісіне жан-тәнімен берілген, мол, тәжірибелі, жоғары білікті маман өте көп. Біздің өңірде экономикалық өсімді қамтамасыз ету және тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жақсарту бағытында қаржылық сауаттылыққа орай алға қойған міндеттер оңтайлы шешілуде. Барлық қаржы саласы қызметкерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, ертеңгі күнге деген зор сенім, тұрақтылық пен табыс тілеймін», – деді жиында облыс облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов.
Кейін қаржы саласына еңбегі сіңген қызметкерлер марапатталып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Осы тұста БҚО қазына департаментінің басшысы Ермен Сүйербаевтың кеудесіне «ҚР Ұлттық валютасына 30 жыл» медалі тағылса, аталмыш департамент басшысының орынбасары Арман Балғайшиев пен БҚО ішкі аудит департаменті басшысының орынбасары Қайролла Нұрмұқанов «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұдан бөлек, қаржы саласында жемісті қызмет етіп жүрген Гүлнар Сисекенова,Әсел Мұрзахметова, Назгүл Қабашева, Майра Қаржауова сынды қаржыгерлер ҚР Ұлттық экономика министрлігінің алғыс хатына ие болды. Ал Назгүл Қайсағалиева, Марина Мирская, Асхат Құдайбергенов, Шолпан Мұханбетова, Самал Такееваға ҚР Қаржы министрлігінің алғыс хаты берілді. Сонымен қатар салтанатты жиында қаржы саласының ардагерлері мен үздік қызметкерлеріне «Белсенді қызметі үшін», «Экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін», «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының құрметті қызметкері» төсбелгілері табысталды. БҚО әкімінің алғыс хатымен марапатталған, өз өмірін түгелдей қаржы саласына арнаған Уәлихан Жұмаев бұл мамандықтың қыры мен сыры жөнінде бізге кішігірім сыр шертті.
«Айналымдағы теңгенің халыққа қызмет етуіне қажетті қамқорлық жасауда қаржыгерлердің қызметін ешкім жоққа шығара алмасы анық. Біз үшін қаржыгерлер күні ең қымбат мереке. Бүгінгі капиталистік қоғамда, жасыратыны жоқ, көп мәселе қаражатпен шешіледі. Осы қаржы саласында жұмыс істеп келе жатқаныма 19 жыл болыпты. Теңгенің құлдыраған да, шарықтаған да сәттеріне куә болдық. Халықтың да бұл оқиғаларды түрліше қабылдауын бастан өткердік. Теңге теңге болғалы да 30 жыл болды. Осы жылдар ішінде әлемге белгілі валюта ретінде танылды. Өзіміздің ішкі нарықта құны жоғары. Жылдан-жылға цифрлық технология дамыған сайын қолма-қол есеп айырысу азая бастады. Банк саласында жаңапрограммалар көбейді. Бұл қуанышты жағдай. Ұлттық банк жиырма жылға жуықтады әлемдік стандартпен жұмыс істеп келеді. Тұрақтылығы нығая береді. Реформа жасау деген оңай жұмыс емес. Біз теңге шыққалы үш рет реформаға ұшырадық. Соның бәрінде халықпен жұмыс жасадық», – дейді қаржыгер.
Бүгінгі теңге дербес тіршіліктің, мемлекеттәуелсіздігінің айғағына айналды. Мемлекеттік жүйенің маңызды бөлігін дамыту мақсатындааянбай еңбек етіп, алға қойған жоспарларды іске асыруға аянбай қызмет ететін қаржыгерлердің рөлібіздің қоғамда үлкен маңызға ие.