Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:45, 26 Мамыр 2025

Сауда соғысы – екінші раунд: Трамптың 50% тарифі ЕО-ны тығырыққа тіреді

Трамп
Фото: ашық дереккөз

Дональд Трамп Еуропалық одақпен тариф мәселесі бойынша келіссөздердің мерзімін ұзартуға келісті. 

Бұл шешімді ол Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін қабылдағанын мәлімдеді.

«Бүгін маған Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен қоңырау шалып, маусымның басында күшіне енуі тиіс 50 пайыздық тарифке қатысты мерзімді ұзартуды сұрады. Мен бұл өтінішке келісіп, 2025 жылдың 9 шілдесіне дейін уақыт бердім», - деп жазды Трамп өзінің Truth Social парақшасында.

Өз кезегінде фон дер Ляйен X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде Трамппен «жақсы әрі пайдалы әңгіме» болғанын айтып, Еуроодақтың келіссөздерді жедел әрі нәтижелі түрде жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.

«Бізге жақсы мәмілеге қол жеткізу үшін 9 шілдеге дейін уақыт қажет», - деп жазды ол.

Бұл мәлімдемелер Трамптың өткен аптада ЕО-мен келіссөздердің тым баяу жүріп жатқанын сынға алып, 50 пайыздық кедендік баж салығын енгізу туралы қатқыл ескерту жасағанынан кейін жарияланды.

Сауда майданында Еуроодақтың басты ойыншысы саналатын Германия да үнсіз қалмады. Елдің қаржы министрі Ларс Клингбайль жексенбі күні АҚШ қаржы министрі Скотт Бессентпен телефон арқылы сөйлескенін мәлімдеп, Вашингтонды конструктивті диалогқа шақырды.

«Бізге арандату емес, шынайы келіссөздер қажет. АҚШ енгізуі мүмкін тарифтер тек Еуропаға ғана емес, Америка экономикасына да соққы болады», - деді ол Bild газетіне берген сұхбатында.

Тарифтік қысым қандай деңгейде?

Трамптың алдыңғы президенттік кезеңінде АҚШ пен ЕО арасындағы сауда қатынастары бірнеше мәрте шиеленіскен еді. Президент 25 пайыздық тарифті болат пен алюминийге, сондай-ақ Еуропада өндірілген көліктерге енгізсе, кейін бұл шараны кеңейтіп, бүкіл импортқа 20 пайыздық «жауапты» баж салығын ұсынған болатын. Алайда бұл жоспар кейінге қалдырылған. Қазіргі таңда негізгі 10 пайыздық тарифтер әлі де күшінде.

Сарапшылардың пікірінше, Вашингтон мен Брюссель арасындағы бұл сауда шиеленісі жаһандық экономикаға әсер етуі мүмкін. Екі алып экономиканың бір-біріне қысым көрсетуі әлемдік жеткізу тізбектеріне, инвестицияларға және валюта тұрақтылығына теріс ықпал етпек.

Енді бар үміт – шілденің 9-на дейін келіссөздер үстелінде нақты нәтижеге қол жеткізуде. Әйтпесе, 50 пайыздық тарифтің шеңгелі жаңа сауда соғысының ұшқынын тұтатуы әбден мүмкін.