«Алтын Орда» базарының бұрынғы басшыларына іздеу жарияланды

«Алтын Орда» базарының экс-басшылары Қанат Алмабек пен Данияр Абдиғапаровқа іздеу жарияланды.
Ресми іздеу базасында жарияланған ақпаратқа сәйкес:
Қанат Алмабек — 1984 жылдың 10 сәуірінде дүниеге келген, ер адам, Қазақстан Республикасының азаматы, ұлты — қазақ. Іздеуде жүргеніне үш күн болған. Іздеу ісі 2025 жылдың 23 мамырында тіркеліп, Алматы облысы бойынша жүргізіліп жатыр. Іздеуді бастаған орган — ҚР Ішкі істер министрлігі, ал тікелей іздеумен айналысып жатқан орган — Қарасай аудандық полиция басқармасы.
Данияр Амалбекұлы Абдиғапаров — 1982 жылдың 1 наурызында туған, ер адам, ҚР азаматы, қазақ. Ол да үш күннен бері іздеуде. Оның да ісі 23 мамырда тіркелген. Іздеу Қарасай аудандық полиция басқармасына жүктелген.
Еске салайық, Алмабек пен Абдиғапаров аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша қылмыстық топ құрамында әрекет етті деген күдікке ілінген. Екеуінің де есімі Алматы мен Алматы облысы үшін маңызды сауда алаңы саналатын «Алтын Орда» базарын бақылауға қатысты ұзаққа созылған даулармен байланысты.
Тергеу материалдарына сәйкес, бұрынғы басшылардың базардағы қызметі рейдерлік, жемқорлық және сауда орындарына қатысты заңсыз мәмілелермен көлеңкеленген. Бұған дейін олардың саудагерлерден заңсыз ақша жинау, жер телімдерін мақсатсыз пайдалану және базар ішіндегі мүлік иелеріне қысым көрсету секілді әрекеттері туралы дабыл көтерілген болатын.
Қазір екі күдіктіге халықаралық іздеу жарияланып, құқық қорғау органдары оларды ұстау және Қазақстанға экстрадициялау бойынша шаралар жүргізіп жатыр.