Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:10

Индонезияда екі қазақстандық өлім жазасына кесілуі мүмкін

Индонезия
Фото: Associated Press

Индонезияда есірткі тасымалына қатысы бар деген күдікпен ұсталған екі қазақстандыққа өлім жазасы тағайындалуы мүмкін.

Басылым мәліметінше, Индонезия билігі соңғы екі ай ішінде жүргізілген операция барысында 285 адамды ұстаған. Олардың арасында 29 әйел және 7 шетелдік бар. Ұсталған шетелдіктер қатарында АҚШ азаматы, екі қазақстандық, екі малайзиялық, бір үндістандық және бір австралиялық бар.

Операция барысында 683 885 грамм (яғни 0,68 тонна) әртүрлі есірткі заттары тәркіленген: кристалдық метамфетамин, марихуана, экстази, ТГК, гашиш және амфетаминдер.

«Индонезияда есірткіге қарсы заңдар өте қатал. Тіпті, есірткі тасымалдаушыларға ату арқылы өлім жазасы қарастырылғанына қарамастан, ел Оңтүстік-Шығыс Азиядағы есірткі транзиті үшін маңызды хаб болып қалып отыр», - делінген хабарламада.

Индонезияның Ұлттық есірткіге қарсы агенттігінің басшысы Мартинос Хукомның айтуынша, сәуір мен маусым аралығында жүргізілген рейд елдің 20 провинциясында қатар өтіп, екі ірі есірткі синдикатының ақшаны заңдастыру схемаларын әшкерелеген. Нәтижесінде 26 миллиард рупийге (шамамен $1,5 млн) жуық актив тәркіленген.

Сондай-ақ, 36 күдікті, оның ішінде 21 әйел, қызғылт сары түрме киімінде және кісенде журналистерге есірткілермен бірге көрсетілген. Билік мәліметінше, тәркіленген заттар 1,3 миллион адамға жетуі мүмкін болатын. Есірткілер құрлық, теңіз және пошта қызметі арқылы таратылмақ болған.

БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы Индонезияны ішінара есірткі контрабандасының негізгі орталығы деп санайды. Себебі халықаралық есірткі синдикаттары оның жас тұрғындарын нысанаға алады. Ұсталғандардың бәрі кінәлі деп танылса, өлім жазасына кесілуі мүмкін.

«Индонезияда қазіргі таңда өлім жазасына кесілген 530 адам бар, оның ішінде 96-сы – шетел азаматтары. Олардың көпшілігі есірткіге қатысты қылмыстар үшін сотталған. Елдегі соңғы өлім жазасы 2016 жылғы шілдеде орындалған – ол кезде бір индонезиялық және үш шетелдік атылған», - деп нақтылайды Associated Press.

Тегтер: