Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:15

АҚШ пен Қытай сауда келіссөздерін жалғастырады – Bloomberg

Қытай
Фото: ашық дереккөз

АҚШ пен Қытай арасындағы жоғары деңгейдегі сауда келіссөздері 10 маусым күні Лондонда қайта жалғасады. 

Бұл туралы Bloomberg агенттігі сенімді дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.

Келіссөздердің алғашқы күні Букингем сарайының жанындағы тарихи Lancaster House ғимаратында өтті. Тараптар алты сағаттан астам уақыт бойы жабық есік жағдайында келіссөздер жүргізген. Келесі кездесу жергілікті уақытпен сағат 10:00-де өтеді деп жоспарланып отыр.

Америкалық делегацияны Қаржы министрі Скотт Бессент, Сауда министрі Ховард Лютник және Сауда өкілі Джеймисон Грир бастап барды. Қытай тарапынан делегацияны ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хэ Лифен басқарды.

Келіссөздерден кейін Скотт Бессент оларды “конструктивті әрі ілгері қадам” деп бағаласа, Ховард Лютник процессті “жемісті әрі өзара түсіністікке толы” деп сипаттады. Қытай делегациясы әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін, 5 маусымда Қытай төрағасы Си Цзиньпин АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескен болатын. Әңгіме барысында Қытай көшбасшысы екі ел арасындағы өзара сауда және экономикалық байланыстарды қалпына келтіріп, стратегиялық серіктестікті дамыту қажеттігін атап өткен. Сонымен қатар Си Цзиньпин Вашингтонды Қытайға қарсы біржақты санкциялар мен шектеу шараларынан бас тартуға шақырып, Дональд Трампты Қытайға ресми сапармен келуге үндеген.

Сарапшылар бұл келіссөздердің нәтижесі алдағы айларда әлемдік нарықтар мен екі ел арасындағы геосаяси ахуалға айтарлықтай әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Тегтер: