Геннадий Головкиннің есімі атышулы сот процесінде аталды

Астанада Перизат Қайратқа қатысты алаяқтық және ақшаны жылыстату ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр.
Кезекті сот отырысында маңызды куәгерлердің бірі — MMG Development компаниясының басшысы, кәсіпкер Мөлдір Сүйіншәлі мәлімдеме жасап, танымал боксшы Геннадий Головкиннің есімі алғаш рет аталды.
Сүйіншәлі сотта берген жауабында 2021 жылы Перизат Қайратпен Instagram арқылы байланыс орнап, оны «Sheraton» қонақүйінде өтетін қайырымдылық кешіне шақырғанын айтты. Іс-шара ресми түрде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығын салу мақсатында ұйымдастырылған.
«Мені кәсіпкер ретінде шақырды. Перизатпен жазысқан хатымызда жиналған қаржы балалар орталығын салуға жұмсалатыны көрсетілген», - деді Мөлдір Сүйіншәлі.
Кеш барысында ұйымдастырылған аукционда Геннадий Головкиннің бокс қолғабы 10 миллион теңгеге сатылған, ал бұл соманы кәсіпкер өз компаниясының атынан ресми түрде «BizBirgemiz Kazakhstan» қоғамдық қорына аударғанын мәлімдеді. Алғашында бұл бастамаға сенген кәсіпкер біраз уақыттан кейін ешқандай орталықтың салынбағанын байқаған.
«Бастапқыда сенім болды. Бірақ кейін жобаның тағдырына қатысты нақты ақпарат ала алмадым. Қаражат діттеген мақсатына жеткеніне күмән туды. Сондықтан 10 миллион теңгені қайтару туралы азаматтық талап арыз бердім», - деді ол сотта.
Сүйіншәлі, егер қаржы мақсатқа сай жұмсалса, талап қоймайтынын, алайда басқа бағытқа кеткен жағдайда ақшаның қайтарылуы әділетті болатынын айтты. Бұдан бөлек, кәсіпкер Перизат Қайратқа жеке мақсаттары үшін 14 миллион теңге қарыз бергенін де ашық мәлімдеді. Бұл қарыз бір жыл бойы қайтарылмаған, нәтижесінде жеке сот арызы арқылы ғана өндіріп алынған.
Сот процесі жалғасып жатыр.