Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:10

Түркия алау оттың ортасында: 17 адам өртке қатысы бар деп күдікке ілінді

Түркия
Фото: reuters

Өткен демалыс күндері Түркияның солтүстік-батысында 153 орман өрті тіркелді. 

Тілсіз жау Измир мен Анталиядағы танымал курорттық аймақтарға дейін жеткен. Түрік БАҚ-тарының хабарлауынша, кейбір тұрғын үйлерге зақым келіп, халықтың бір бөлігін эвакуациялауға тура келген.

Тек екі күн ішінде 153 өрт тіркеліп, оның жартысынан көбі жексенбіде орын алған. Негізінен орман мен егістік алқаптары отқа оранды. Кейбір жерлерде өрт тұрғын үйлерге дейін жеткен. Сакария мен Биледжикте қауіпсіздік мақсатында 13 ауыл мен елді-мекеннен адамдар көшірілді. Түркияның ауыл шаруашылығы және орман министрі Ибрагим Юмаклының мәліметінше, Маниса, Биледжик және Анталия өңірлерінде де өрттер тіркелді.

Өрт
Фото: reuters

Ең күрделі жағдай Измирде байқалды. Бұл жерде төрт ауыл мен бес шағынаудан эвакуацияланды. От Мендерес және Сеферихисар аудандарына жетіп, түтіннің қоюлығынан жексенбі күні Аднан Мендерес атындағы халықаралық әуежай уақытша жабылды. Бірнеше рейс басқа қалаларға бағытталғанымен, қазіргі кезде әуежай қалыпты жұмысқа оралды.

Министрдің айтуынша, өрт ошақтарының көбі ауылдық жерлерде басталып, кейін орманға тараған. Маусым айында Түркияда шамамен 1500-ге жуық өрт ошағы тіркелген. Кейбір үйлерге залал келіп, зардап шеккен отбасылар уақытша қауіпсіз орындарға көшірілді. Абырой болғанда, қаза тапқандар мен ауыр жараланғандар жоқ.

Өртті сөндіруге 1000-нан астам өрт сөндіруші мен құтқарушы, ондаған тікұшақ пен ұшақ, жүзге жуық өрт сөндіру көлігі жұмылдырылды. Жұмысты қатты жел қиындатты — кей жерлерде желдің жылдамдығы сағатына 120 шақырымға дейін жетіп, өртті кең аумаққа таратып жіберді.

Қазіргі кезде Түркияда сегіз ірі өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оның төртеуі ғана ішінара бақылауға алынған.

Әзірге нақты себеп анықталмаған. Мамандар бірнеше нұсқаны қарастырып отыр. Біріншіден, бұл — аптап ыстық. Измирде температура +41,6 °C-қа жетіп, маусым айының рекордын жаңартқан. Мұндай ауа райында тіпті ұшқынның өзі апатқа әкеп соғуы мүмкін. Алайда билік кейбір өрттер қасақана ұйымдастырылған болуы мүмкін деп есептейді. Қазіргі таңда полиция 17 адамды ұстап, оларды өртке қатысы бар-жоғына тексеріп жатыр. Әр оқиға бойынша тергеу жүргізілетінін мәлімдеді.

Өрт көбіне елдің солтүстік-батысы мен батысындағы ауылдық өңірлерді қамтыды. Анталия, Бодрум, Мармарис және Фетхие секілді негізгі туристік бағыттар қалыпты жұмыс істеп тұр. Турлар тоқтатылған жоқ, жағажайлар ашық. Алайда алдағы күндері Түркияға баруды жоспарлап отырғандар үшін ресми ақпаратты қадағалап отыруға немесе туроператорлардан нақты мәлімет алуға кеңес беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін Түркияда отельдердің баға саясаты мен all inclusive қызмет форматын қайта қарау ұсынылған болатын, себебі ел туристік ағымнан айырылып қалуы мүмкін деген алаң бар.

Тегтер: