Батыс Қазақстан облысында бұрын сотталған ер адам 6 жасар қызды ұрлап, зорлаған

Анасы қызын балмұздақ алып беруге ұсыныс жасаған, өзі жақсы танитын жігітпен бірге дүкенге жіберген.
Бірнеше сағаттан кейін қыз үйіне оралмаған соң, ата-анасы дабыл қағып, полицияға хабарласқан.
23 тамызда жоғалған қыз бен ер адам ауыл маңындағы орманнан табылды. Ол мас күйде ұйықтап жатқан, ал бала ес-түссіз жатқан. Қыздың зорланғаны анықталды. Қазіргі уақытта балаға медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде.
Белгілі болғандай, ер адам бұрын ұрлық жасағаны үшін түрмеде отырған, екі жыл бұрын бостандыққа шыққан екен.
Қылмыстық іс қозғалды.
Болған жағдайға қатысты Тасқала ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбыл бірнеше дерек айтты.
“Қыздың ата-анасы үйлерінде отбасылық шара өткізген, қонақтардың арасында күдікті де болған. Ол ата-анасының рұқсатымен қызды дүкенге тәтті алып беруге алып кеткен, бірақ қайтып келмеген. Түн жарымға қарай ата-анасы қызының жоғалып кеткенін айтып, 102 нөміріне хабарласқан. Кішкентай қызды түн бойы қараусыз қалған үйлер мен жыралардан іздеді. Тек келесі күні таңертең бала Элеватор шағын ауданынан табылды. Күдікті ұсталды”, - деді ауыл әкімі.