“Әлемдегі ең кедей президент” атанған Хосе Мухика 90 жасында қайтыс болды

Уругвайдың бұрынғы президенті, қарапайым өмір салтымен танылған Хосе Мухика 90 жасында өмірден озды.
Бұл туралы қайғылы хабарды елдің қазіргі президенті Яманду Орси растады. Ол өз үндеуінде Мухиканың ел алдындағы еңбегін жоғары бағалап, оның есімі ұмытылмайтынын айтты.
Хосе Мухика 2010 жылдың 1 наурызынан бастап 2015 жылдың 1 наурызына дейін Уругвай президенті қызметін атқарған. Ол бүкіл әлемге қарапайымдылығымен танылды: президент кезінде де астанадағы сарайда емес, ескі фермерлік үйде тұрып, ай сайынғы жалақысының 90 пайызын қайырымдылыққа беріп отырды. Автокөлігі де ескі Volkswagen Beetle болған.
Халық оны “ең кедей президент” деп атаса да, Мухика бұл мәртебені мақтанышпен қабылдайтын. Ол үшін байлық материалдық емес, рухани құндылықтармен өлшенген.
Хосе Альберто Мухика Кордано — халық арасында «Эль Пепе» деген атпен танымал — Уругвайдың солшыл бағыттағы саясаткері. 2019 жылы ол қайтадан сенатор болып сайланып, 2020 жылдың 15 ақпанынан 20 қазанына дейін сенатта жұмыс істеді. Кейін денсаулығына байланысты мандатынан бас тартты.
Мухиканың өмір жолы мен саяси ұстанымдары көптеген елдерге үлгі болды. Оның адалдығы мен шынайылығы оны тек өз елінде емес, әлемдік деңгейде құрметке бөледі.