Израиль Газа орталығында алғашқы құрлық операциясын бастады

ЦАХАЛ (Израиль армиясы) соғыс басталғалы бері алғаш рет Газа секторындағы Дейр-эль-Балах қаласына құрлық операциясымен кірді.
Израиль күштері 20 айдан астам уақыт бойы ұрыстар болмаған Газа секторының орталығындағы Дейр-эль-Балах қаласында құрлық және әуе операциясын жүргізіп жатыр. Бұл әрекет салдарынан бейбіт тұрғындар арасында жаңа көші-қон толқыны басталды. Оның ішінде соғыс салдарынан бұған дейін-ақ үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғандар да бар.
Бұл аудан бұған дейін көшірілген палестиналықтар үшін “гуманитарлық паналау орны” саналып келген. Түнде қалаға әуеден жойқын соққылар жасалған. Операция басталар алдында тұрғындарға эвакуация туралы ескерту берілген.
Ресми түрде операцияның мақсаты жарияланған жоқ. Алайда израильдік дереккөздердің хабарлауынша, армия бұған дейін бұл аймаққа басып кіруден бас тартып келген, өйткені онда ХАМАС тобы тұтқындарды ұстап отыр деген күдік болған.
Қазір бұл аймақта Газаның оңтүстігіндегі Рафах пен Хан-Юнистан келген мыңдаған босқын бар.
Жексенбі күні Израиль әскері Дейр-эль-Балахтың оңтүстік-батыс бөлігіндегі бірнеше аудан тұрғындарына үйлерін тастап, оңтүстікке қарай кетуді талап еткен парақшаларды әуеден тастады. Бұл аудандарда қазіргі таңда жүздеген мың босқын паналап отыр.
Қазір Газадағы содырлардың қолында 50-ге жуық тұтқын бар. Олардың кемінде 20-сы тірі болуы мүмкін деген болжам бар.
Бұған дейін Батыстың 25 мемлекетінің сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдеме жасап, қақтығысты «шұғыл» тоқтатуға шақырған болатын. Ал Израиль Газа секторындағы орталық аумақтарды босатуды талап етуде.