19 көшені сапасыз жөндеген компания тағы да тендер алған
Биыл Жамбыл облысында жергілікті маңызы бар автожолдар мен елдімекен көшелерін жөндеуге 25,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлады.
Бұл қаржыға 16,5 шақырым көше жолдары мен 1 көпірдің құрылысы, 3 шақырым жолды қайта жаңғырту және 671,0 шақырым жолдарды орта жөндеу жүргізілуде. Осы жұмыстардың нәтижесінде биыл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 99 пайызға, ал елдімекен көшелері бойынша 87 пайызға жеткізу көзделген, - дейді бұл жөнінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.
Бүгінде 357 жобаның 252-сінде жөндеу жұмыстары аяқталған. 68 жобада жұмыстар жүргізілсе, 15 жобада конкурс рәсімдері жүргізілуде. Ал, 22 жобада жұмыстар әлі басталмаған. Мысалы, аудандық маңызы бар «Отар-Сұлутөр-Көктөбе» автожолының 0-16 шақырымын орташа жөндеу жұмыстары 2024 жылдың мамырында басталғанымен, бүгінде 16 шақырымның тек 6,7 шақырымы, яғни, 42 пайызына ғана асфальт төселген. Аяқталмай қалу қаупі бар.
Сондай-ақ Мойынқұм ауданында 2023 жылдан өтпелі саналатын Көкжелек ауылына кіреберіс жолының 4,7 шақырымын орта жөндеу жұмыстары әлі күнге басталмаған. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 70,2 млн теңге бөлінген болатын. Осы шаруаны қолға алған «DAUREN BUILD» ЖШС өткен жылы да облыста 19 жобаның жұмыстарын сапасыз атқарып, соңы үлкен дауға ұласқан еді. Енді тапсырыс беруші тарапынан сотқа талап-арыз жолданып, сот процесі басталды. Бұл жерде де жұмыстар аяқталмайды.
Меркі ауданында да қолға алынған 54 жобаның 16-сында жұмыстар басталмаған. Оның 15-і «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша жүзеге асырылуы тиіс болған. Бір қызығы, 14 жобаны бір-ақ мердігер ұтып алған, ол – «Қазақ жолы 2050» ЖШС.
Бұл ретте Меркі ауданында 2022 жылы 20 көшеде, 2023 жылы 16 көшеде жол жөндеу жұмыстары аяқталмай қалғанын айта кеткен жөн. Яғни, өткен жылғы кемшіліктер биыл да сабақ болмаған. Жыл басынан Сапа орталығымен 228 жерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 962 сынама алынды. Нәтижесінде, 538 сынамада сәйкессіздіктер мен кемшіліктер анықталып, оларды жою бойынша шаралар қабылданды.