Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:10

“Соғыстың басталуынан бергі ең жойқын шабуыл”: Ресей әскері Украинаның Лозовая қаласын атқылады

Путин
Фото: zhasalash.kz

5 тамызға қараған түні Харьков облысындағы Лозовая қаласы Ресей әскерінің шабуылына ұшырады. 

Қаланың әкімі Сергей Зеленскийдің айтуынша, зардап шеккендер бар, олардың арасында екі бала да болған. Алайда әкім жараланғандардың нақты санын атамады. Оның сөзінше, шабуыл кезінде қаланың маңызды инфрақұрылымы, көпқабатты үйлер мен жеке сектор зақымданған. Қаланың кейбір бөліктері жарықсыз қалған.

«Бүгін түнде ресейліктер бейбіт халыққа қарсы нағыз террор жасады. Олар тыныш ұйықтап жатқан адамдарды атқылады. Ерте ме, кеш пе – олар бұған міндетті түрде жауап береді», - деді Зеленский.

Сол түні Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері Лозоваяға қарай Ресейдің бір топ дроны бағыт алғанын хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін Ресей ең жойқын шабуылды Ивано-Франковск қаласына да жасаған еді. Шабуылдың салдарынан екі адам қаза тауып, 15 адам жараланған. Ивано-Франковск қаласы үшін бұл — соғыс басталғалы бергі ең ауқымды шабуыл болды.

 

«Ресейдің шабуылдары әрдайым адамзатқа қарсы бағытталған: Киевте балабақша, тұрғын үйлер және басқа да азаматтық инфрақұрылым отқа оранды. Харьковте, Ивано-Франковскіде және облыста тұрғын үйлер қирады. 15 адам жараланды, олардың ішінде ең кішкентай бала – 12 жаста. Барлығына көмек көрсетіліп жатыр. Шабуыл кезінде екі адам қаза тапты», - деді Владимир Зеленский Telegram-арнасында.

Екі апта бұрын Украина Қарулы күштерінің Әуе күштерінің мәліметінше, Ресей Украинаға 450 әуе шабуыл құралын бағыттаған: 426 дрон (оның ішінде соққы жасайтын және алдамшы түрлері), бес «Кинжал» аэробаллистикалық зымыраны, төрт «Калибр» қанатты зымыраны, 14 Х-101 зымыраны және бір «Искандер» зымыраны.

Мәліметке сәйкес, 200 «Шахед» түріндегі камикадзе-дрон атып түсірілген, зымырандардың да басым бөлігі жойылған. 203 алдамшы дрон діттеген мақсатына жетпеген. Үш жерде 23 соққы дронының нысанаға тигені, ал 12 жерде олардың сынықтары түскені тіркелген.

Ресей әскері бұл шабуылға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ. Украина билігінің мәліметі бойынша, соққының негізгі нысандары — Киев, Ивано-Франковск және Харьков болған. Бұл жолы Лозовая қаласы қатты соққыға ұшырады. 

Айта кетейік, Киев соңғы рет дәл осындай жаппай шабуылға 4 шілдеде ұшыраған еді. Биыл көктем мен жазда мұндай шабуылдар жиілеп кеткен.