Парижде алтын алған өзбек боксшыларынан допинг табылып жатыр

2024 жылғы Олимпиада чемпионы, өзбекстандық боксшы Лазизбек Муллажонов допинг дауына ілікті.
Халықаралық тестілеу агенттігінің (ITA) ресми хабарлауынша, оның ағзасынан қатаң тыйым салынған метастерон препараты анықталған. Бұл — бұлшық еттің өсуін жеделдетіп, спортшының физикалық қуатын арттыратын синтетикалық стероид. Метастерон WADA (Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) тыйым салған препараттар тізіміндегі S1.1 санатына жатады, яғни оның қолданылуына жарыс кезінде де, жаттығу барысында да жол берілмейді.
Муллажоновтың сынамасы 2025 жылдың 11 маусымында, жарыстан тыс уақытта алынған. Талдау нәтижесінде аталған стероидтің метаболиттері табылған. Қазір спортшыға бұл ақпарат ресми түрде жеткізілді. Ол B сынамасын талдауды талап етуге құқылы. Егер B сынамасы да A нәтижесін растаса немесе ол B сынамадан бас тартса, бұл допинг ережесін бұзу ретінде тіркеледі. Қазіргі таңда спортшыдан түсініктеме алу рәсімі жүріп жатыр.
Айта кетейік, Лазизбек Муллажонов 2024 жылғы Олимпиадада алтын жүлде жеңіп алған еді. Ауыр салмақта өнер көрсететін боксшы соңғы жылдары Қазақстан спортшылары үшін басты қарсыластардың біріне айналды. 2022 жылғы Азия чемпионатының финалында ол Қамшыбек Қоңқабаевты жеңсе, 2023 жылы Нұрсұлтан Аманжоловты небәрі бірінші раундта нокаутқа түсірген болатын.
Бұл оқиға тек өзбекстандық боксқа ғана емес, жалпы Олимпиада ойындарының әділдігіне көлеңке түсіріп отыр. Қазір WADA мен ITA тарапынан тергеу жалғасып жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, Муллажонов Олимпиада медалінен айырылады және ұзақ мерзімді дисквалификацияға ұшырауы мүмкін.
Жанкүйерлер мен сарапшылар бұл жағдайға алаңдаушылық білдіруде. Өзбекстан спорт саласының беделі мен Париждегі жетістіктеріне сұрақтар көбейіп келеді.