Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:35

Жамбыл облысында жедел жәрдем қызметкерін тапаншамен атып кетті

Жәрдем
Фото: БАҚ

Жамбыл облысы, Байзақ ауданында жедел жәрдем фельдшеріне қарулы шабуыл жасалды. 

Оқиға түнгі сағат үштер шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, аурухана маңында бірнеше күдікті азамат шу шығарып, тыныштықты бұзған. Жедел жәрдемнің кезекші фельдшері олардың әрекетіне ескерту жасап, кетуін сұраған.

Алайда бұзақылар бұл ескертуді ұнатпаған сыңайлы. Фельдшер кезекті шақыртуға барып келіп, аурухана алдына оралған сәтінде, әлгі адамдар оның жолын тосып, тапаншамен оқ атқан. Оқ жүрек тұсына тиген. Абырой болғанда, фельдшер аман қалып, оған шұғыл екі рет ота жасалды. Қазір ол палатада, жағдайы бірқалыпты.

Полиция бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғап, тергеу амалдарын бастап кетті. Күдіктілер анықталып, жауап алу жұмыстары жүріп жатыр.

Айта кетейік, зардап шеккен фельдшер — үйленген, екі баланың әкесі. Ал аурухананың ішінде адамға қару кезенген- 25 жастағы күдікті қамауға алынды. Егер тергеу барысында күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

— Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жан-жақты және объективті тергеп-тексеруді қамтуға бағытталған тергеу, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Оның нәтижесі іс бойынша нақты процессуал шешім қабылданады, - дейді Құндыз Бөгенбаева, Жамбыл облысы ПД ресми өкілі.

Дәрігерлер мен құқық қорғаушылар бұл жағдайдың — медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын көрсететінін айтып отыр. Жедел жәрдем өкілдері күндіз-түні адам өміріне араша түсіп жүрсе де, өздері шабуылға ұшырап жатқанын қынжыла жеткізді.

Тегтер: