Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:20

Бишімбаев тағы да сотқа арызданды

Бишімбаев
Фото: Жоғары сот

Аса ауыр қылмыс үшін ұзақ мерзімге сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаев тағы да сотқа жүгінді. 

Ол үш баласына төленетін алимент көлемін азайтуды сұрады. Бұл туралы адвокат Ерлан Ғазымжанов мәлімдеді.

Бишімбаев пен оның бұрынғы жары 2020 жылы нотариалды түрде келісім жасап, бұрынғы шенеунік әр ай сайын үш баласына 1,6 миллион теңге көлемінде алимент төлеп тұруға міндеттелген. Алайда ол қазіргі таңда түрмеде отырғанын, тұрақты табысы жоқ екенін алға тартып, бұл соманы азайтуды талап етті. Сонымен қатар, балалардың оқуы, емделуі және демалысына қатысты қосымша шығындарды төлеу міндетінен босатуды сұраған.

"Бұл келісім Қуандық бостандықта болып, бизнеспен айналысқан және табыс көзі болған кезде жасалған. Әрине, ол кезде балаларға алименттің шамадан тыс мөлшері тағайындалды. Қазір жағдай өзгерді ол жұмыс істемейді және бұл алиментті ата-анасына төлеуге тура келді", - деді адвокат.

Алайда сот оның талабын негізсіз деп тапты. Себебі тергеу мен сот процесі барысында Бишімбаевтың өз мүлкін үшінші тұлғаларға әдейі рәсімдегені және материалдық жағдайын жасанды түрде нашарлатқаны дәлелденген. Яғни, ол қаржы жағдайын төмендету арқылы алимент көлемін азайтуға әрекеттенген.

Сот балаларының мүддесін басты назарға ала отырып, экс-министрдің өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Осылайша, бұрынғы үкімет мүшесі балалар алдындағы қаржылық міндеттемелерін толық көлемде өтеуге тиіс болады.

Адвокаттың айтуынша, Бишімбаев колонияда жұмыс істемейді. Өйткені бос орындар аз.

Тегтер: