Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:10, 04 Маусым 2025

Илон Маск Трамп қолдаған заң жобасын «жиренішті сорақылық» деп атады

Илон Маск
Фото: ашық дереккөз

Ол АҚШ Конгресінде қаралып жатқан бюджет шығындарына қатысты заң жобасына наразылығын ашық білдірді. 

Мемлекеттік қызметтен кеткен Илон Маск Ақ үй басшысының салықтар мен бюджеттік шығындарға қатысты жаңа заң жобасын сынады. Ол әлеуметтік желіде (бұрынғы Twitter, қазір X) бұл құжатты «жиренішті сорақылық» деп атады.

«Кешіріңіздер, бірақ мен мұны енді көтере алмаймын. Бұл – ауқымды, ашық, доңызша (яғни лоббистердің мүддесі үшін арнайы жасалған) заң жобасы. Бұл – жиренішті сорақылық. Осыған дауыс бергендердің бәріне ұят! Сендер не істегендеріңді жақсы білесіңдер», – деп жазды Маск.

Құжаттың өзі «One Big Beautiful Bill» деген атауға ие. Оны мамыр айында Өкілдер палатасы қабылдады. Енді заң жобасын Сенат қарап жатыр. Миллиардердің айтуынша, құжат қабылданған жағдайда АҚШ-тың онсыз да орасан зор бюджет тапшылығы 2,5 трлн доллардан асып, қарапайым азаматтардың иығына қосымша ауыртпалық түседі. Ол тіпті: «Конгресс Американы банкротқа ұшыратуда» деп мәлімдеді.

Маск жақында ғана АҚШ әкімшілігі жанындағы кеңес беру қызметінен кеткен болатын. Бұл мәлімдемесімен ол Трамп әкімшілігімен де, қазіргі үкіметпен де келіспейтінін байқатты.

Заң жобасы не қарастырады?

– Шекара қауіпсіздігі мен қорғаныс саласына шығындарды арттыру;

– 2017 жылы Трамп енгізген салықтық жеңілдіктерді ұзарту;

– Мемлекеттік қарыз шегін 4 трлн долларға дейін көтеру.

Дональд Трамптың баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Масктың айтқанынан хабардар екенін айтты. Алайда оның пікірінің заң жобасына қатысты шешімге еш әсер етпейтінін атап өтті. Масктың мұндай қатаң сөзі АҚШ-тың экономикалық саясатына қатысты алаңдаушылықты білдіреді.

Тегтер: