Жамбылдағы жанжал: Құқықтық статистика комитетінің басшысы отставкаға кетті

Жамбыл облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің департаменті басшысы Секер Бүркітбаев өз еркімен қызметінен кетті.
Бұл ақпаратты «За нами уже выехали» Telegram-арнасы таратты.
«Департамент басшысы Секер Бүркітбаев 2025 жылғы 2 маусымда жазған рапорт негізінде атқарып отырған қызметінен босатылды», - делінген ресми хабарламада.
Бұл оқиғаға департамент қызметкері Әлия Қожабекованың бірнеше даулы мәлімдемесі түрткі болған.
Ол өзінің бейнеүндеулерінде әріптестері тарапынан заңсыз әрекеттер жиі жасалатынын айтып, президентке тікелей жүгінді. Әлия Қожабекованың айтуынша, 2013 жылы демалыста жүрген кезінде департаменттің кей қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтар туралы мәліметтерді база жүйесінен өшіріп тастаған. Мақсат – соттылық деректерін жасыру болған. Ол жұмысына қайта оралғанда тексеріс басталып, бар кінә Қожабековаға артылған. Соның салдарынан ол бөлім басшысы қызметінен босатылған. Содан бері оған қалыпты жұмыс істеуге мүмкіндік бермей, балаларымен бірге өзге аудандарға қайта-қайта жіберіп отырған. Қожабекова сондай-ақ бұл деректерге қатысты басталған тексерулердің формалды түрде өткізілгенін мәлімдеді.
Қазіргі таңда департаментте үшінші мәрте тексеріс жүріп жатыр. Бас прокуратура бұл жолы тексеруді уәкілетті органдардың арнайы мамандарымен бірлесіп жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Соған қарамастан, 4 маусымда Қожабекова тағы бір видеоүндеу жариялап, өзін “принципиалды ұстанымы үшін” қудалап жатқанын айтты.
11 жылдан соң Қожабекова департаментке қайта оралып, қылмыстық-құқықтық статистика бөліміне жұмысқа орналасады. Сол жерде де БТТ базасынан деректерді бірнеше мәрте жою және өзгерту фактілерін анықтаған. Бұл туралы басшы атына рапорт жазғанымен, оның айтуынша, барлық кінәлілер жауапқа тартылмаған, ал қылмыстық іс мүлде қозғалмаған. Қазір Қожабекованың өзіне қысым жасалып, тағы да жұмыс істеуге кедергі келтіріліп отыр. Ол қызметінен босатылған. Қожабекова тиісті шара қабылдауды, әділдікті қалпына келтіруді, бұрынғы барлық өтініштерін қайта көтеріп, тексерісті құзыретті тұлғалар жүргізуін сұрап отыр.
Құзырлы орган Жамбыл облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаменті қызметкерінің бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде таралған бейнежолдау жөнінде мынадай ақпарат таратты.
Бас прокурордың тапсырмасы бойынша айтылған уәждерді тексеру үшін Жамбыл облысына Бас прокуратураның ішкі қауіпсіздік департаменті мен тиісті құрылымдық бөлімшесінің қызметкерлері, сондай-ақ комитет төрағасының орынбасары кіретін жұмыс тобы жіберілді, - делінген хабарламада.