Ыстанбұлда Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздер өтті

Ыстанбұлда Ресей мен Украина делегациялары арасындағы келіссөздердің жаңа кезеңі өтті.
Кездесу шамамен бір сағатқа созылып, жабық режимде өткен. Бұл туралы түрік дипломатиялық дереккөздеріне сілтеме жасаған халықаралық агенттіктер хабарлады.
Келіссөздер барысында бірқатар маңызды гуманитарлық және әскери мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Украина тарабы Ресейге соғыс кезінде күштеп әкетілген украин балаларын еліне қайтару туралы талап қойып, олардың аты-жөндері жазылған ресми тізімді тапсырды. Бұл туралы Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Сонымен қатар тараптар тұтқын алмасу жөнінде уағдаластыққа келді. Келісімге сәйкес, соғыс кезінде ұсталған әскери тұтқындар жақын арада «барлығын барлығына» қағидаты бойынша алмастырылады.
Бұдан бөлек, екі ел соғыста қаза тапқан әскери қызметкерлердің мүрделерін қайтару туралы ортақ шешімге келді. Жоспар бойынша, әр тарап 6000 жауынгердің денесін қарсы тарапқа өткізеді. Мұндай қадам халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау тұрғысынан маңызды әрі сирек кездесетін дипломатиялық жетістік саналады.
Ресей атысты доғарудың екі шартын ұсынды
Ахуалды реттеу бойынша Ресей меморандумы жобасының мәтіні жарияланды:
- бірінші шарт ДХР, ЛХР, Запорожье және Херсон облыстарынан Украина қарулы күштерін шығаруды көздейді;
- екінші шарт әскерлерді көшіруге тыйым салу, Киевке шетелдік әскери көмек жеткізуді, мобилизацияны тоқтату, үшінші елдердің әскери қатысуын болдырмау тармақтарын қамтиды.

Келіссөздерге қатысты тараптар әзірге толық пікір білдірген жоқ. Түркия бұған дейін екі ел арасындағы делдал ретінде бірнеше рет келіссөздер алаңын ұсынған болатын.