Bild: Киев Германиядан миллиардтаған еуроға қару-жарақ сұрады

Украина Германияға Ресей агрессиясына қарсы қорғанысты жалғастыру үшін қажет қару-жарақтардың құпия тізімін тапсырды.
Бұл туралы немістің Bild басылымы 6 шілдеде хабарлады. Газеттің жазуынша, тізім үш негізгі санатты қамтиды: әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚҚ), қорғалған көліктер және радиоэлектрондық күрес (РЭК) құралдары. Барлық сұралған қару-жарақтың құны бірнеше миллиард еуроны құрайды.
ӘШҚҚ саласы бойынша, Украина Германиядан төрт жаңа Iris-T зениттік-зымыран кешенін (ЗРК), сондай-ақ:
- Iris-T SLM орташа қашықтықтағы ӘШҚҚ жүйесі үшін 1500 басқарылатын зымыран;
- Iris-T SLS қысқа қашықтықтағы жүйеге арналған 500 басқарылатын зымыран сұраған.
Ресейдің дрондарынан қорғану мақсатында Украина 200 мың дана 40 мм зениттік оқ-дәрі алғысы келеді.
«Қорғалған көліктер» санатында Украина:
- 1000 дана минаға қарсы қорғанысы бар көлік;
- 200 түрлі үлгідегі шынжыр табанды техника;
- 30 минадан тазалайтын танк;
- 20-30 Wisent броньды инженерлік техника;
- арнайы жасақ тасымалдауға арналған 200 жол талғамайтын көлік сұраған.
Радиоэлектрондық күрес саласы бойынша Украина:
- дрондарға қарсы қолданылатын 1000 GPS-желілерін басушы құрал;
- бақылау мен нысандарды анықтауға арналған 200 жерүсті мобильді радар алғысы келеді.
Bild атап өткендей, Фридрих Мерцтің үкіметі билікке келген соң, Украинаға әскери көмек жөніндегі ақпарат құпия күйде жариялана бастады. Берлин бұл шешімді Мәскеудің әскери ақпаратты пайдаланып кетпеуімен түсіндірсе, сыншылар оны Германияның көмекті кешіктіріп немесе жеткізбей отырғанын жасыру әрекеті деп бағалайды.
Bild басылымы Германия Қорғаныс министрлігіне ресми түсініктеме үшін жүгінгенімен, ведомство бұл мәселеге пікір білдіруден бас тартқан.
Соған қарамастан, басылымның әскери салалардағы дереккөздері Киевтің нақты тізімі бар екенін растаған.
Bild жазуынша, 2025 жылғы Германияның Украинаға әскери көмек бюджеті 1,2 млрд еуроға ұлғайып, жалпы көлемі 8,3 млрд еуроны құрады. Енді Германия қорғаныс министрі Борис Писториус бұл қаражат есебінен Украина өтінген қарулардың бір бөлігін беру мүмкіндігіне ие.