Паркинсон ауруына шалдыққандар моральдық қолдауға да мұқтаж
Давлат Марипов, дәрігер-невролог: Паркинсон ауруына шалдыққандар моральдық қолдауға да мұқтаж «Жас Алаш» невролог-паркинсолог дәрігер Давлат Мариповпен әңгімелесіп, медицинаны оқытудағы мәселелер мен шетелдегі тәжірибе турасындағы сауалдарын қойды. ҚР президентінің іс басқармасы ауруханасының маманы неврологияның өзектілігі мен Паркинсон ауруының ауқымы, диагностикасы және емі жайлы тарқатты.
– Медицина күнде өзгереді, ғылым жыл сайын жаңаруда. Сол көштен қалмау үшін дәрігерлердің біліктілігін арттыру ісі ұдайы жүргізіледі. Әсіресе шетелдік тағылымдамалардың қатары артқан. Сіз де бірнеше елде болыпсыз. Ол жақтағы ауруханалар мен жүйе біздікінен несімен ерекшеленеді?
– Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алғандықтан, бірнеше тілде оқыдық. Соның ішінде үш жыл түрікше үйрендік. Алтыншы курста алғаш рет шетелге шығып, өз есебімнен бір ай Ыстамбұл қаласындағы танымал жекеменшік ауруханалардың бірінде тәжірибеден өттім. Неврология және психиатрия бөлімінде біліктілігімді арттырдым. Сол кезеңдерде байқағаным, жеке ауруханалардың сапасы да, көлемі де мемлекеттік ауруханалардан қалыспайды. Өзара бәсеке мықты. Содан да болар, Түркияда медициналық туризм жақсы дамыған. Тіпті Еуропа, Солтүстік Африкадан пациенттер келеді. Қызмет сапалы да, арзан да.
Өткен жылғы қаңтарда тағы да Түркияға бардым. Ол жолы жеке компания қаржыландырды. Былтыр Еуропадағы жас неврологтар мектебінің қатысушысы атандым. Осы жобаның аясында маусымда Швейцарияда болдым. Ондағы ауруханалар мүлде өзгеше әсер қалдырады. Ең алдымен, пациенттерге мықты жағдай жасалған. Бәрі қолайлы. Дәрігерлерге қатысты аңғарғаным, жалақы көлемі жоғары. Аталған екі елде де дәрігерлер ең қымбат бағаланатын мамандар қатарында. Соған сай сапа да керемет.
– Біліктілікті арттыру мақсатында деп өткізілетін форум-жиындар да аз емес. Олар расында да пайдалы ма? Әлде формалды түрде өтетін әдеттегі жиналыстар деңгейінде ме?
– Әлбетте, олардың бізге берері мол. Сіз айтып отырған форумдар мен жиналыстарды расында қажет деп есептеймін. Қазақстан бойынша өңір-өңірден келген мамандар бас қосып, презентацияларын, баяндамаларын жасайды. Соңғы, жаңа тәжірибелерімен бөліседі. Осылайша, елдегі мамандар бір-бірін тани бастайды. Яғни науқастарды жіберуде жаңа жолдар ашылады. Мұндай форматтағы қарым-қатынас міндетті түрде болуы тиіс. Тура осылай, халықаралық деңгейдегі форум, жиындар да өткізілгені жақсы.
Бір жағынан, бұл телемедицинаны дамытуға да елеулі үлесін қосады. Қазіргі таңда ақпараттық және коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, медициналық қызметтердің кей түрлерін қашықтан көрсетуге мүмкіндік бар. Аталған тәсіл дәрігер мен пациент екі жақта болса да, бейнебайланыс орнату арқылы онлайн талқылау мен консультация жүргізуге, бақылау мен ұсыныстар беруге, медициналық информациялар мен фотолар арқылы диагностикаға атсалысуға жол ашады. Бұл өз кезегінде дәрігерлерге өзге қалалар мен ауруханалардағы әріптестерінің пікірлерін тыңдауға, бірлесіп жұмыс істеуге қолайлы. Сол секілді электрондық рецептер мен тағайындаулар да телемедициналық әдіс арқылы берілуі ықтимал. Аталған жүйенің артықшылығы сол, технологиялық және кадрлық базасы салыстырмалы түрде әлсіздеу өңірлік мекемелердегі пациенттердің игілігі үшін қолдануға, емнің сапасын арттыруға болады.
– Елімізде дәрігерлерді дайындау жағы осал деген пікір жиі айтылады. Жас маман ретінде медицинаны оқыту жүйесіндегі қандай мәселелермен әлі де жұмыс істеу керек деп ойлайсыз?
– Мен Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи университетінде жалпы медицина мамандығы бойынша бес жыл оқыдым. Одан соң екі жыл Шымкенттегі кампуста интернатура, тағы неврология мамандығы бойынша екі жыл резидентура оқып, 2023 жылы тоғыз жылдық білімнен соң дәрігер-невролог мамандығын алып шықтым.
Студенттер әртүрлі. Бірі мемлекеттік грантта, екіншісі квотамен, тағы бір тобы ақылы түрде білім алады. Сонда байқағаным, көпшілігі оқумен қатар жұмысты бірге алып жүруге тырысады. Басқа мамандықтарды білмеймін, бірақ медицинада оқып жүріп екінші нәрсеге көңіл бөлу қиын. Жеке өзім уақытымды да, энергиямды да толықтай оқуға арнадым. Ал қатарластарым түске дейін сабақта, одан кейін жұмыста жүретін. Мұндай режиммен ізденіске, жаңа материалдар қарау мен игерілгенді қайталауға мұрша болмайтыны түсінікті. Сондықтан медицина мамандығына грант бөлу, стипендия тағайындау кезінде ойлану қажет шығар. Мәселен, педагогика мамандарын іріктеу де, оларға берілетін әлеуметтік қолдау да өзгеше. Дәл сол секілді ақ халаттыларға да айрықша көңіл бөлсе, жақсы болар ма еді? Оның үстіне, педагогтар да, басқа мамандар да бакалаврды төрт жыл оқиды. Ары қарай алған дипломымен ресми түрде, штаттық орындарда жұмыс істей алады. Дәрігерлер бес жыл оқиды. Ол біліммен жалпы практикадағы дәрігер ретінде жұмысқа қабылдамайды да. Ресми түрде орналасу үшін жеті жылдық білім қажет. Осы аралықта отбасы құрып, бала-шағалы болса, студентке күн көру тіптен қиын. Стипендия бір басыңа да жетпейді. Мұндай жағдайда білімгерлер жұмыс істеуге мәжбүр. Осылайша, болашақ дәрігердің фокусы шашыраңқы жүруі – проблема. Өйткені бұл болашақ кадрдың сапасына тікелей әсер етеді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, қазіргі оқу бағдарламасындағы практика көлемін бұдан да арттыра түсу қажет. Медицина теориялық білімді қалай керек етсе, практиканы да дәл солай керек етеді.
– Сіз неврологияның ішінде Паркинсон ауруына салаланған дәрігер екеніңізді білеміз. Аталған диагноздың ауқымы, сипаты мен қаупі, ем жолдары туралы айтып беріңізші.
– Неврология – медицинаның ішіндегі ең ауқымды салалардың бірі. Ол өз ішінде бөліне береді: невролог-паркинсонолог, бас ауруын қарайтын, аутоиммунды аурулар мен аутоиммунды энцефолитке салаланған, эпилептолог, тағы сол секілді. Менің жұмысым – Паркинсон ауруы кезінде пациенттерді іріктеп, кімге хирургиялық операция қажет, кім дәрілік негізде емделетінін анықтау. Біздің ҚР президентінің іс басқармасы ауруханасында мидың терең стимуляциясы операциясы жасалады. Ол қысқаша «ВТМУ» деп айтылып жүрген жоғары технологиялық медициналық қызмет коды бойынша тегін жасалады. Бірақ тек Қазақстан азаматтарына ғана. Ал ТМД, шетел азаматтарына бөлек баға белгіленген. Тиісті соманы төлеп, ота жасатуға келетін шетел азаматтары көп. Себебі Орталық Азия бойынша бұл операцияны біздің ел ғана жасайды.
Жалпы, Паркинсон ауруының әлемдік эпидемиологиясына қарасақ, 100 мыңға шаққанда 100-120 адам осы дертке шалдығады. Бұл аз емес. Тіпті нейродегенеративті аурулардың арасында ең кең тараған диагноздардың бірі деуге болады. Кей болжамдарға сәйкес, 2040 жылға қарай Паркинсон ауруымен ауыратындардың қатары 12 млн-ға дейін жетуі бек мүмкін. Ал Қазақстанға келсек, қазір 9 мың адам диспансерлік есепте тұр. 2023 жылғы есеп бойынша, 11 мың адам ауырады. Оның үштен бір бөлігі ғана 60 жастан асқан азаматтар. Негізі, бұл диагноз «кәрі» ауру болып есептелетін. Өкінішке қарай, ол жасарып келе жатыр. Статистикаға қарасақ, 40-50 жаста осы дертке шалдыққандар жыл санап артуда.
Паркинсон ауруының пайда болуы дофамин деңгейінің төмендеуімен байланысты. Одан бөлек, генетика да, сыртқы факторлар да әсер етеді. Мәселен, экологиялық жағдай, химикаттар, кейбір дәрілерді көп қабылдап қою да ауруға себепші фактор ретінде қарастырылады. Негізгі белгілері – тремор, яғни діріл; ригидтілік, яғни бұлшықеттердің қаттылығы; қозғалыстың баяулауы және тепе-теңдіктің бұзылуы. Бұл симптомдардан басқа да жанама белгілер мен салдарлар болады. Соның бәрін дер кезінде көру, ерте кезеңдерде анықтай білу өте маңызды. Десек те, ол оңай шаруа емес. Паркинсон ауруының симптоматикасы басқа аурулармен ұқсас. Мысалы, Паркинсон ауруы мен Паркинсонизм синдромы деген екі түрлі нәрсе. Олардың әрқайсы бірнеше жеке диагноздар мен типтерге бөлінеді. Және белгілері өзара қатты ұқсас келеді. Сондықтан диагноз қою қиын да күрделі іс. Аурудың табиғаты басқа диагноздар секілді шаблонды емес. Оның үстіне, Паркинсонның синдромдары өзге де неврологиялық ауруларда көрініс береді. Мәселен, қозғалыстың бұзылуы немесе баяулауы, қол-аяқтың дірілі жүйке жүйесіндегі басқа патологиялармен байланысты болып шығатын кездер көп. Депрессия, есте сақтау қабілетінің нашарлауы сынды психоэмоционалдық бұзылыстар да Паркинсон ауруымен қатар жүріп, диагнозды шатастырып жатады. Осы секілді көптеген факторлар баршылық. Сол себептен, дәрігер бірінші «осмотрда» қойған диагнозын екінші қабылдаудан кейін өзгерту ықтималдылығы жоғары – 20-30 пайыз.
Оның үстіне, ауру әдетте баяу дамып, алғашқы кезеңдерде белгілері байқалмайды. Негізі, Паркинсон ауруының 5 стадиясы бар. Біріншісі бастапқы, ал ота үшінші стадиядан жасалады. Алдымен дәрілік заттар арқылы ем-дом жүргізіледі. Ол көмек көрсете алмаса, операция жоспарланады. Бірақ прогрессивті, созылмалы ауру болғандықтан, операция ауруды тоқтатпайды, тек өмір сапасын жақсартады. Қабылдап жатқан дәрілердің дозасы азаяды. Демек, бұл шаралардың бәрі симптомдарды жеңілдетуге, аурудың қарқынын баяулатуға ғана қауқарлы.
Осы орайда, Паркинсон ауруына шалдыққан адамдарға моральдық көмек көрсетудің ерекше маңызға ие екенін атап өткен жөн. Ол науқастың оңалуына, ішкі сеніміне серпіліс береді. Демек, физикалық көмектен бөлек, психологтардың жұмысы, жақындарының қолдауы пациент үшін аса қажет. Мысалы, науқас өзінің жағдайы жайлы айтса, оны өзгелер тыңдаса, түсетін эмоционалды жүктеме айтарлықтай жеңілдейді.
– Паркинсон ауруының артып келе жатқанын айттыңыз. Сол секілді неврологиялық дерттердің де көбейіп отырғаны белгілі. Оған не себеп? Қалай сақтанамыз?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, неврологиялық мәселелермен, соның ішінде бас ауруынан бастап инсультке дейін, эпилепсиядан Паркинсон ауруына дейін ауыратындардың саны миллиардқа жуықтаған. Олардың салдарынан әр жыл сайын 7 млн адам қаза табады. Ең бірінші проблема, адамдар қай кезде дәрігерге барып, қаралу керек екенін шамалай бермейді. Мысалы, басыңды ұрып алсаң, соққыны сезсең, омыртқа-қозғалыс аппаратына немесе миға қатысты диагноз қойылса, неврологтан кеңес алу міндетті. Дәл осы сынды мойын, кеуде, арқаның ауыруы, аяқ-қолдың ұйып қалуы, салқындауы, қозғалыстың, жүріп-тұрудың ауырлауы, бұлшықеттердің қуатсыздануы, бастың айналуы, естен тану, ұйқының бұзылуы немесе ұйқышылдық, тез шаршағыштық, стресс, зейіннің, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, сөйлеудегі бұзылыстар кезінде көмекке жүгіну қажет. Аталғандардың бәрі неврологтың тексерісі мен бақылауын талап етеді.
Оған қоса, қарапайым ғана ережені сақтап, салауатты өмір салтына ұмтылған дұрыс. Халқымыз: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Кемінде жеті сағат ұйықтап, қозғалысты көбейтіп, тамақтану рационын бақылауда ұстаса, неврологиялық қана емес, біраз дерттің алдын алуға болады.
Бұдан бөлек, әлем халқының орташа өмір сүру ұзақтығы бұрынғымен салыстырғанда өсті. Сәйкесінше, Альцгеймер ауруы, Паркинсон ауруы және басқа да нейродегенеративті аурулар бірге өсіп жатыр. Ізінше, неврологиялық сырқаттар назар аудармасқа болмайтын әлеуметтік, медициналық проблемаға айналуда. Әрі соңғы жылдары депрессия мен күйзеліс сынды психологиялық аурулардың да қарасы қалыңдап келеді. Олар да неврологиялық негізге ие. Тағы технология мен ғылымның дамуы, нейровизуализациядағы төңкеріс диагностиканы мейлінше дәл жасауға мүмкіндік береді.
Сұхбаттасқан
Баян Мұратбекқызы