Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:50

Солтүстік Корея Ресейге әскери көмек көрсете бастады

Ресей
Фото: zhasalash.kz

Солтүстік Корея Ресейдің Украинамен шекаралас аймағына саперлар мен әскери құрылысшылар жіберуге ниетті. 

Бұл туралы Пхеньянда өткен жоғары деңгейдегі кездесулерден кейін белгілі болды. Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесіп, Курск облысындағы қираған инфрақұрылымды қалпына келтіру мақсатында 5 мың әскери құрылысшы және миналанған аумақтарды тазалауға 1 мың сапер жіберу туралы уағдаластыққа қол жеткізген.

Курск облысының губернаторы Александр Хинштейннің мәліметінше, маусым айының басында облыс аумағының шамамен 5 мың гектары миналанған. Бұл өңір жерінің алтыдан бір бөлігіне тең. Қазіргі таңда соның небәрі 8 пайызы ғана минадан тазартылған.

КХДР-дің Ресейге қолдау көрсетуі бұған дейін де байқалған. Украинадағы соғыс басталғалы бері Солтүстік Корея Ресейге қару-жарақ жеткізіп, бірнеше мың сарбазы ресейлік тарапта соғыс қимылдарына қатысқан деген ақпараттар тараған.

Сапар қорытындысы бойынша екі ел арасындағы байланыс тек әскери салада ғана емес, пошта және көлік қатынасы салаларында да жандана түскені байқалады. Мәселен, сейсенбі күні «Ресей поштасы» Солтүстік Кореяға хат-хабар жіберуді қайта іске қосты. Ал 17 маусымнан бастап Мәскеу мен Пхеньян арасында теміржол қатынасы да қалпына келтірілді.

Айта кетейік, бұл Сергей Шойгудың кейінгі үш айдағы Солтүстік Кореяға жасаған үшінші сапары. Оңтүстік Кореяның «Ренхап» агенттігі бұл сапардың екі ел арасындағы «жан-жақты серіктестік туралы келісімнің» бір жылдығына орайластырылғанын хабарлады. Сонымен қатар, агенттік бұл кездесулер Ким Чен Ынның алдағы уақытта Ресейге жасайтын ресми сапарына дайындық болуы мүмкін деген болжам да келтірді. Алайда сапардың нақты мерзімі немесе жоспары ресми түрде жарияланған жоқ.

Солтүстік Кореяға қатысты БҰҰ тарапынан қатаң халықаралық санкциялар енгізілген болатын. Оның себебі – Пхеньянның ядролық және зымыран бағдарламасын дамытуы. Бұған дейін Ресей де бұл санкцияларды қолдаған. Алайда Украинаға басып кіргеннен кейін Мәскеу бірқатар шектеулерді елемей, Солтүстік Кореямен серіктестікті күшейтіп отыр.

Мәскеу мен Пхеньян арасындағы бұл әріптестік – геосаяси мүдделер тоғысының жарқын мысалы. Екі ел де халықаралық қысымнан оқшауланып, бір-бірін саяси және әскери тұрғыда қолдауға ниетті екенін байқатып отыр.