Ресей Украинаға қарсы ядролық қаруды қолдана ма?

Ресей президенті Владимир Путин Украинамен соғыста ядролық қару қолдану мүмкіндігіне қатысты мәлімдеме жасады.
Ол бұл қаруды іске қосуға қажеттілік жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, Ресей өзінің мақсаттарына жету үшін басқа да жеткілікті әскери және саяси ресурстарға ие.
«Бізді арандатқысы келеді, қателікке ұрындыруға тырысады. Бірақ ядролық қаруды қолдануға негіз жоқ. Оның қажеті болмайды деп үміттенемін. 2022 жылы басталған мәселені Ресей үшін тиімді әрі логикалық қорытындыға жеткізуге бізде толық мүмкіндік бар», — деді Путин.
Сарапшылар бұл мәлімдемені Батыс елдерінің ядролық қауіптен сақтандыру әрекеттеріне жауап ретінде қарастыруда. Сонымен қатар, бұл Ресейдің өз позициясын күшейте отырып, соғысты саяси жолмен аяқтауға дайын екенін білдіруі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Ресей Жеңіс күніне орай уақытша бітім жариялау туралы ұсыныс жасаған болатын. Алайда Украина президенті Владимир Зеленский бұл бастаманы қабылдамай, оны Мәскеудің саяси айласы деп бағалады.
Украина тарабы Ресейдің бітім туралы ұсынысын шынайы бейбіт келісім емес, халықаралық қысымды әлсіретуге бағытталған қадам ретінде қабылдады.
Бүгінде соғыс майданында жағдай шиеленісіп тұр, ал тараптар дипломатиялық шешімге келуге дайын екендерін сөз жүзінде ғана білдіріп жатыр.