Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:20

Трамптың сауда соғысы әлемге 34 миллиард доллар шығын әкелді

Трамп
Фото: ашық дереккөз

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп бастамашы болған сауда соғысы әлемдік компанияларға 34 миллиард доллардан астам шығын әкелді.

Бұл – сатылымның азаюы мен шығындардың өсуінен туындаған залал. Бұл туралы Reuters агенттігі компаниялардың қаржылық есептеріне жүргізілген талдауға сілтеме жасап хабарлады. Агенттік бұл сома алдағы уақытта одан әрі артуы мүмкін екенін атап өтті.

«34 миллиард доллар – бұл S&P 500 индексіне кіретін 32 америкалық компанияның, еуропалық STOXX 600-ден 3 және жапондық Nikkei 225 индексінен 21 компанияның шығындарының жиынтық бағасы. Экономистердің пікірінше, нақты залал бұл сомадан әлдеқайда көп», - деп жазады Reuters.

Йель басқару мектебінің профессоры Джеффри Зонненфельд бұл соманы екі, тіпті үш есеге көбейтуге болады деп санайды. Оның айтуынша, тарифтер тұтынушылық пен бизнестегі шығындардың азаюына және инфляциялық күтудің артуына алып келуі мүмкін.

Трамптың тариф саясатына байланысты Apple, Ford, Porsche және Sony сияқты ірі жаһандық компаниялар кіріс болжамдарын қайта қарауға немесе мүлде жарияламауға мәжбүр болған. Олар Трамп әкімшілігінің тарифтік саясатының тұрақсыздығы шығындарды нақты жоспарлауға мүмкіндік бермей отырғанын мәлімдеген.

Мысалы:

  • Walmart кварталдық пайда болжамынан бас тартып, бағалар қымбаттайтынын ескерткен;
  • Volvo Cars екі жылға кіріс болжамын тоқтатқан;
  • United Airlines макроэкономикалық жағдайды болжау мүмкін еместігіне байланысты екі түрлі болжам жариялаған.

Қазіргі таңда компаниялар жеткізу тізбектерін қайта құрып, жергіліктендіруді арттырып және жаңа нарықтарға шығуға тырысуда – бұл өз кезегінде шығындарды көбейтуде. Ең көп зардап шеккендер қатарында автоөндірушілер, әуе компаниялары мен тұтынушылық тауарларды импорттаушылар бар.

Дегенмен, Трамп тарифтер АҚШ-тың сауда тапшылығын азайтып, өндірісті елге қайтарып, жұмыс орындарын ашуға көмектеседі деп есептейді. Алайда сауда профициті доллардың әлемдік резервтік валюта ретіндегі мәртебесін жоғалтуына себеп болуы мүмкін.

Трамп сонымен қатар тарифтер Мексика секілді елдерді заңсыз миграция мен есірткі тасымалына қарсы күресуге мәжбүрлейді деп сенеді.

3 сәуірде АҚШ президенті ондаған елден келетін тауарларға кедендік баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл ретте Қазақстан үшін баж мөлшерлемесі 27% болып белгіленді. Алайда бірнеше күннен кейін, Қытайдан басқа елдерге қатысты тарифтер 90 күнге тоқтатылып, келіссөздер басталды.

Мамыр айының ортасында АҚШ пен Қытай бір-біріне қатысты кедендік баждарды төмендету туралы келісімге келді: АҚШ-тың Қытай тауарларына салған бажы 30%-ға, Қытайдың америкалық өнімдерге қойған бажы 10%-ға төмендетілді.

Сауда тарифтерін заңсыз деп санаған Liberty Justice Center ұйымының талабын қараған АҚШ-тың Халықаралық сауда жөніндегі федералды соты бұл тарифтерді Трамптың өкілеттігін асыра пайдалануы деп танып, тоқтату туралы шешім шығарды. Алайда апелляциялық сот бұл шешімді кейінге қалдырып, тарифтерді уақытша қалпына келтірді. Енді түпкілікті шешім күтіліп отыр.

Тегтер: