Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:29

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль қайтадан қамауға алынды

Корея
Фото: zhasalash.kz

Әскери төңкеріс жасамақ болды деген ауыр айып тағылып отыр.

Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёль тағы да темір тордың арғы жағынан бір-ақ шықты. Бейсенбі күні ол Сеулдегі тергеу изоляторына жеткізіліп, жалғыз кісілік камераға орналастырылды. Бұл жолы оны қайта ұстауға ел прокуратурасының сұранысы негізінде сот ордер берді.

Юнға тағылған басты айып — елде әскери төтенше жағдай енгізу арқылы билікті күшпен ұстап қалмақ болған әрекеті. Атап айтқанда, оған «бүлік ұйымдастыру» бабы бойынша аса ауыр қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы кесілуі мүмкін.

Экс-президент қамалғаннан кейін хаки түсті түрме формасын киіп, 10 шаршы метрлік жалғыз кісілік камераға отырғызылды. Бұл камерада ауа баптағыш жоқ, тек күндіз ғана жұмыс істейтін шағын желдеткіш бар. Ұйықтауы үшін оған төсеніш берілген. Ол бұған дейін де осы тергеу изоляторында 52 күн отырған, бірақ кейін техникалық себептермен босатылған болатын.

Қамаудан босатылғаннан кейін Юн Сок Ёль әйелі және 11 үй жануарымен бірге Сеулдің элиталы ауданындағы 164 шаршы метрлік пәтеріне оралған еді. Үкіметтік деректерге сәйкес, ерлі-зайыптылардың жалпы мүлкі 7,5 миллиард вонға (шамамен 5,47 млн доллар) бағаланады.

Бейсенбі күні таңертең экс-президент қайта қамалғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, оның үстінен қозғалған бүлік ісі бойынша сот отырысы өтті. Алайда Юн бұл тыңдауға қатыспады. Оның адвокаттары денсаулығының нашар екенін алға тартты. Бұл туралы Renhap агенттігі хабарлады.

Еске салсақ, биыл сәуір айында Конституциялық сот парламенттің импичмент туралы шешімін мақұлдап, Юн Сок Ёльді ресми түрде президент қызметінен шеттеткен болатын. Оның әскери режим орнату ниеті оңтүстіккореялық қоғамда үлкен наразылық тудырып, бірнеше айға созылған саяси дағдарысқа себеп болған еді.

Наурыз айында Юн Сок Ёль қамаудан уақытша босатылған. Сот оның қорғаушылары ұсынған кепілді негізді деп тауып, үйқамаққа жіберу туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда тергеу барысындағы жаңа деректер мен дәлелдерді жою қаупі оның қайтадан тұтқындалуына негіз болған.

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президентінің тағдыры ел тарихында сирек кездесетін оқиғалардың бірі болып отыр. Бір кездері ел басшысы болған Юн Сок Ёль бүгінде өлім жазасы күтіп тұрған айыпталушы ретінде жалғыз камерада отыр. Алдағы сот процестері бұл іске соңғы нүктесін қоймақ.