Ресейлік БАҚ Рейхстагқа ту тіккендер туралы жалған ақпарат таратып жатыр

Жеңіс күні қарсаңында ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары Рейхстагқа Жеңіс туының тігілуіне қатысты тарихи деректерді бұрмалап, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты.
Бұл туралы қазақстандық танымал журналист, тележүргізуші Майя Бекбаева мәлімдеді.
— Жеңіс күні қарсаңында ресейлік БАҚ Рейхстагқа Жеңіс туының тігілгені жөнінде шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып жатқанын байқаймын. Алайда архивтік құжаттар мен куәгерлердің деректері бұл туды Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов тіккенін нақты дәлелдеген. Бұл ерлікті жасағандар — Егоров пен Кантария емес, - деп еске салды тележүргізуші.
Журналист бұл мәлімдемесіне дәлел ретінде архивтік бейнематериалдар мен ресми құжаттарды да жариялап, көпшіліктің назарын тарихи әділеттілікке аударуға тырысты.
Тарихи шындықты еске салайық. Рейхстагқа Жеңіс туының тігілуі — Екінші дүниежүзілік соғыстың ең маңызды әрі символдық сәттерінің бірі саналады. Бұл оқиға 1945 жылдың 30 сәуірінде, Кеңес армиясы Берлинге басып кіріп, Рейхстаг ғимаратын басып алғаннан кейін жүзеге асқан.
Қазақстандық Рахымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов дәл осы күні сағат 14:25 шамасында Рейхстагқа жетіп, ғимараттың кіреберісіне алғаш болып Қызыл туды тіккен. Олар оқ жаудырылып жатқан аймақта алдыңғы шеппен бірге қозғалып, өмірлерін қатерге тіге отырып бұл ерлікті жасаған. Бұл туралы арнайы акт толтырылып, әскери қолбасшылыққа тапсырылған.
Алайда сол кезеңдегі саяси жағдайлар мен идеологиялық ұстанымдарға байланысты олардың есімдері көпшілікке жария етілмей, тарихи әділетсіздік орын алды. Кейінірек Егоров пен Кантарияның туды Рейхстагтың төбесіне тіккені кеңінен насихатталып, ресми нұсқа ретінде тарихқа енді.
Бекбаева бұл мәселені қайта көтеріп, тарихи шындықтың бұрмалануына жол бермеу қажеттігін атап өтті. Ол мұндай мәліметтердің жас ұрпақтың санасына дұрыс жеткізілуі үшін нақты деректерге сүйену керектігін айтты.