Бас прокуратура Қожамжаровқа қатысты ресми жауап берді

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Қайрат Қожамжаровқа қатысты жүргізіліп жатқан тергеуге байланысты жауап берді.
Бұған дейін аталған органдар экс-сенатор, бұрынғы бас прокурор және Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы, Финпол) экс-басшысы Қожамжаровқа қатысты ұзақ уақыт бойы үнсіздік сақтап келген болатын.
– Қазіргі уақытта бұрынғы қаржы полициясы қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қосымша дәлелдемелер жинауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, – деп хабарлады Бас прокуратура ресми түрде.
Ал ҰҚК өз жауабында Қожамжаровтың жақын серіктері болған экс-финпол қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу комитет тарапынан жүргізілмейтінін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта Қожамжаровқа жақын бірнеше адам тергеуде:
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы басшысы Талғат Тәтібаев екі айға қамауға алынған;
- Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің экс-басшысы Олеся Кексель де тергеуде.
Екеуі де Қожамжаровтың ең сенімді серіктері ретінде танылған. Тағы бір танымал тұлға — Қаржы полициясының бұрынғы қызметкері Талғат Махатов (жедел лақап аттары – «Саныч» және «Бетон»). Ол кеден қызметкері Медет Жамашевты – “Хоргос ісі” бойынша басты куәні – өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған. Жақында оған тағы бір қылмысы үшін қосымша жаза тағайындалып, ол енді жалпы 24 жылын түрмеде өткізетін болды.