Еуропа Украинамен бірге: НАТО саммиті қарсаңындағы мәлімдеме

Бұл туралы Кая Каллас айтты.
Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас НАТО-ның Гаагада өтіп жатқан саммиті мен ЕО-ның қару-жарақ өндірісін арттыру қадамдары туралы DW арнасына эксклюзивті сұхбат берді.
Калластың айтуынша, Еуропа үшін Украина әлі де негізгі басымдық болып саналады.
“Еуропа үшін Украина – басты басымдық. Сондықтан біз Украинаға көмектесуге міндеттіміз. Біз Ресейге қысымды арттыру арқылы оларды да бейбітшілікке итермелеуге тырысамыз”, - деді ол.
Оның пікірінше, Украинада тұрақты бітімге қол жеткізудің жалғыз жолы — Киевке өзін қорғауға көмектесу және Ресейге қысым көрсету.
Каллас 26-27 маусым күндері өтетін Еуроодақ саммитіне назар аударды. Бұған дейін “Европейская правда” басылымы хабарлағандай, онда ЕО елдерінің көшбасшылары Украина ЕО-ға қосылу жолындағы прогресс туралы месседжі бар құжатты қабылдайды.
“Біз кеңею жолымен жүруіміз керек, себебі бұл – украин халқы үшін үміт. Біз Еуропа – олардың отбасы екенін көрсетуіміз керек”, - деді Еуроодақтың жоғары өкілі.
22 маусымда dpa агенттігі хабарлағандай, НАТО саммитінің қорытынды құжатында одақтас елдердің қорғанысқа ЖІӨ-нің 3,5 пайызын жұмсауға дайын екені көрсетілмек. Сонымен қатар қосымша 1,5% терроризммен күреске және әскери мақсатта қолдануға болатын инфрақұрылымды дамытуға бағытталады (мысалы, танкілерге төтеп беретін көпірлер, теміржол және порттар).
“Одақтастар бұл мәселеде бір пікірде. Барлығы қорғанысқа көбірек көңіл бөлу керек екенін түсінеді, себебі қазіргі заман өте тұрақсыз”, - деді Каллас.
Каллас Еуропаның қару өндірісін арттыру үшін көп жұмыс жасағанын айтты.
“Біріншіден, біз қаржылық ресурстар бөлдік. Сонымен қатар ережелерді өзгертіп, мүше елдерге осы қаржыны қорғанысқа салуға мүмкіндік бердік”, - деді ол.
Оның айтуынша, Брюссель сатып алу және реттеу ережелерін жеңілдетуге, шығындарды азайтуға және мерзімді қысқартуға тырысып жатыр. Сондай-ақ, ЕО Украинаның қорғаныс өнеркәсібімен де жұмыс істеп жатыр.
“Олар өте жаңашыл. Біз олардан көп нәрсе үйрене аламыз. Әсіресе үнемділік жағынан”, - деді Каллас.
Ол Брюссельдің Киевке нақты сигнал беретінін және ЕО елдері Украинаға көбірек көмек көрсету үшін қорғанысқа инвестицияны арттыратынын айтты.