Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:55

Magnum Өзбекстан нарығынан кетті

Өзбекстан
Фото: zhasalash.kz

Қазақстандық бөлшек сауда желісі Magnum Өзбекстандағы қызметін ресми түрде тоқтатты. 

Әлеуметтік желілерде қазақстандық Magnum сауда желісінің Ташкенттегі супермаркеттері жабылуы мүмкін деген ақпарат тарады. Пайдаланушылардың жазуына қарағанда, Samarqand Darvoza сауда орталығында орналасқан дүкеннің жұмысы тоқтаған. Ал қалған филиалдарда тауар ассортименті күрт азайып кеткен — бұл әдетте жабылу алдында байқалатын құбылыс.

Компанияның ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Ташкент қаласында Magnum-ның алты дүкені болған: оның бесеуі — супермаркет, біреуі — гипермаркет. Қазір олардың бірқатары жабылып, қалғандарында тауар қалдықтары сатылуда. Компания өкілдері әзірге бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.

Magnum Өзбекстан нарығына 2021 жылдың желтоқсанында алғаш рет шықты. Сол кезде Ташкентте 5 мың шаршы метрлік алғашқы гипермаркетін ашып, кейін супермаркет форматындағы екінші нүктені іске қосты. Magnum Cash&Carry басшысы Азамат Османовтың айтуынша, көршілес нарыққа шығуға дайындық екі жылға созылған. Компания алғашқы жылы Өзбекстанға шамамен 20 миллион доллар инвестиция құюды жоспарлаған.

2023 жылдың тамызында Magnum Өзбекстандағы Carrefour супермаркеттер желісінің иесі — Majid Al Futtaim LLC Uzbekistan компаниясын сатып алып, оның елдегі алты сауда нүктесін өз брендімен қайта іске қосуға келіскен. Бұл дүкендердің бесеуі Ташкентте, біреуі Самарқандта орналасқан еді.

2023 жылдың қарашасына қарай Magnum-ның Ташкентте жеті дүкені болған. Компания 2024 жылы тағы он сауда нүктесін ашуды жоспарлап отырғанын Алматыдағы сауда форумы кезінде Magnum-ның логистика директоры Михаил Филиппов мәлімдеген еді.

Өзбекстан нарығының өзіндік ерекшелігі мен тұтынушылардың бағалық сезімталдығы, жергілікті брендтерге деген сенімі Magnum-ның бизнес-моделін толық іске асыруға кедергі келтірген. Күшті команда мен танымал брендке қарамастан, компания жаңа нарықта өзін дәлелдей алмады.

«Бренд мықты, команда тәжірибелі, формат сұранысқа ие сияқты. Бірақ бұл – жеткіліксіз. Бұл жағдай Foydali компаниясы үшін тағы бір дәлел: Өзбекстандағы бөлшек сауда нарығы өз заңымен дамуда. Басқа елден дайын үлгіні көшіріп әкелу жеткіліксіз — жергілікті әдеттерді, бағаға сезімталдықты және отандық желілерге деген сенімді ескеру керек», – деп жазды Foydali сервисінің директоры Яхья Абдумуталибов LinkedIn желісінде.

Сарапшы Андрей Демьяновтың айтуынша, 2023 жылы ашылған бес сауда нүктесінің ішінде тек екі-үшеуінің ғана өзін-өзі ақтау мүмкіндігі болған. Демьянов бірнеше жыл Өзбекстандағы түрлі компанияларда, соның ішінде Magnum-да да жұмыс істеген.

Ресми мәлімет бойынша, Atlas Chilonzor мен Юнусабадтағы Magnum филиалдары жаңа мекенжайға — Бунёдкор көшесі, 52 мекенжайына көшірілген. Бұл жерде қазіргі таңда Magnum Integro дүкені орналасқан.

Айта кетейік, Magnum Cash&Carry — Forbes Kazakhstan-ның 2024 жылғы “Қазақстандағы 75 ірі жекеменшік компания” рейтингінде 8-орынға ие болған. Компанияның жылдық табысы — 480 млрд теңге. Компанияны 2007 жылы кәсіпкер Александр Гарбер (2025 жылы Forbes рейтингінде 35-орында) құрған. Әр жылдары оның акционерлері қатарында Кенес Ракишев (30% үлес), Kaspi компаниясының тең иесі Вячеслав Ким (35% үлеске дейін) болды. 2023 жылдың ақпанында Kaspi.kz Magnum-пен бірлескен E-Magnum жобасына 70 млрд теңге инвестиция салып, оның 90%-ын иеленді. Kaspi.kz-тің еншілес ұйымы “Kaspi Магазин” бұл мақсатта Magnum E-commerce Қазақстан компаниясының акцияларын сатып алған.

Қазір Magnum Қазақстанның 14 қаласында 200-ден астам сауда нүктесін басқарады. Компания 24/7, super, express және daily форматтарында жұмыс істейді.