Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс: зымырандық шабуылдан 63 адам зардап шекті

Израиль
Фото: ашық дереккөз

Таяу Шығыстағы ахуал ушығып, Иран мен Израиль арасындағы әскери шиеленіс жаңа деңгейге көтерілді. 

Израильдің Ynet ақпараттық порталы хабарлағандай, Иранның Израильге бағыттаған зымырандық шабуылы салдарынан кемінде 63 адам түрлі жарақат алған. Зардап шеккендер елдің орталық өңіріне түскен зымыраннан кейін медициналық көмекке жүгінген. Кейбірінің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.

Шабуыл Израильдің Иран аумағындағы ядролық инфрақұрылымға бағытталған әуе соққысынан кейін бірнеше сағаттан соң жасалды. Премьер-министр Беньямин Нетаньяху бұл операцияны «ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында» жүзеге асқан қадам деп атап, Израильдің ядролық қауіпке қарсы жауап бергенін мәлімдеді.

Өз кезегінде Иран билігі Израильдің бұл әрекетін халықаралық құқық нормаларын өрескел бұзу деп бағалап, мұндай агрессияға үнсіз қалмайтынын ашық мәлімдеді. Президент Масуд Пезешкиан мен аятолла Али Хаменеи ел халқы мен армиясына үндеу жасап, Иран өз аумағы мен егемендігін қорғау үшін барлық күшті жұмылдыратынын жеткізді.

Зымырандық шабуылдардан кейін Израиль аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Ел билігі тұрғындарды қауіпсіз аймақтарға көшіруді дереу бастап, қазіргі таңда 300-ге жуық адам эвакуацияланған. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері толықтай іске қосылды, стратегиялық нысандар мен инфрақұрылым объектілері жіті бақылауға алынды.

Жағдайдың ушығуына байланысты халықаралық қауымдастық та үн қата бастады. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуроодақ және бірнеше ірі держава тараптарды сабыр сақтауға шақырып, шиеленісті бейбіт жолмен шешуге үндеді. Дегенмен сарапшылардың пайымынша, бұл текетірестің салдары Таяу Шығыс аймағындағы тұрақтылыққа ұзақ мерзімді қауіп төндіруі мүмкін.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Таяу Шығыстағы шиеленісті жағдайға байланысты Израиль мен Иранды әскери қақтығысты дереу тоқтатуға шақырды. Бұл туралы ол өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында мәлімдеді.

Израильдің Иранның ядролық нысандарына жасаған әуе соққылары мен Иранның жауап ретінде зымыранмен шабуыл жасауы жағдайдың тым шиеленіскенін көрсетеді. Эскалация жеткілікті. Бейбітшілік пен дипломатия басымдыққа ие болуы тиіс, - деп жазды Гутерриш.

Гутерриштің бұл мәлімдемесі 14 маусымда, аймақтағы жағдай шарықтау шегіне жеткен шақта жарияланды. Айта кетейік, Иран мен Израиль арасындағы геосаяси текетірес соңғы жылдары бірнеше рет шиеленіскен болатын. Алайда бұл жолғы шабуылдар көлемі мен зардаптары жағынан ерекше ауқымды болып отыр. Көптеген халықаралық сарапшы тараптардың бұл жолы ашық соғыс шегіне жақындап қалғанын айтады.

Осыған дейін АҚШ президенті Трамп Израильді қолдайтынын жазған едік