Полиция Сәтбаевтағы апат үшін әкім орынбасарын жауапқа тартты

Ұлытау облысының Полиция департаментінің хабарлауынша, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары бала өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасынан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Жолда жұмыс жүргізу талаптарының сақталмауына, атап айтқанда жаяу жүргіншілер жолағына тиісті таңбаның қойылмауына байланысты Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары жауапқа тартылды. Айта кету керек, бұған дейін Сәтбаев қаласының жергілікті атқарушы органына жаяу жүргіншілер өткеліне жол белгілерін орнату туралы нұсқама жіберілген», - делінген полиция мәлімдемесінде.
Etozhez Telegram арнасының мәліметінше, оқиға 16:00 шамасында, Ұлытау көшесінде болған. Сәтбаев қаласында жаяу жүргіншілер өткелінде жеңіл автокөлік кәмелетке толмаған қыз баланы қағып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, қаза болған қыздың жасы 13-те болған. Ол оқиға орнында көз жұмды. Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Көлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады полиция департаменті.
Істің тергелуі департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Полиция өкілдері оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, кінәлілер заңнамаға сәйкес жауапқа тартылатынын мәлімдеді.