Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:45, 28 Мамыр 2025

АҚШ шетелдік виза беруді тоқтатады

Ақш
Фото: ашық дереккөз

АҚШ-та шетелден келетін студенттерге қойылатын талаптар қатаймақ. Трамп әкімшілігі оқу визаларын уақытша беруді тоқтататынын хабарлады.

Ақ үй билігінің шешімі бойынша енді АҚШ-қа оқуға барғысы келетін шетелдіктермен сұхбат жүргізуге уақытша тыйым салынады. Оның орнына консулдық өкілдер өтініш білдірушілердің әлеуметтік желілердегі белсенділігін егжей-тегжейлі тексеруді көздеп отыр.

АҚШ-тың сыртқы істер қызметкерлері енді студенттердің Instagram, TikTok, X (бұрынғы Twitter) парақшаларын, жазбаларын, желіде қалдырған пікірлерін және лайк басқан жазбаларына дейін мұқият зерттемек. Бұл олардың АҚШ-тағы болашақ әрекеттеріне болжам жасау үшін қажет делінеді. Алайда тексеру алгоритмі мен бағалау критерийлері әзірге нақты емес.

Мұндай қатаң шаралар Гарвард университетіне қатысты туындаған дау-дамайдан кейін қолға алынды. Дональд Трамп әкімшілігі ежелгі оқу ордасына қысымды күшейтіп, оған бөлінген 100 млн долларлық қаржылық көмекті тоқтатқан. Бұл оқиға Ақ үйдің миграциялық саясатты одан әрі қатаңдатуға ниетті екенін көрсетті.

Жаңа ережелердің салдарынан шетелдік студенттерге виза алу қиындай түспек. АҚШ-та оқуды армандайтындар енді тек үлгерім мен мотивация хатына емес, әлеуметтік желілердегі «мінез-құлқына» да жауап беруі керек болады.

Тегтер: