Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:52

АҚШ: Украинамен иық тірестіріп тұруды жалғастырамыз

Украина
Фото: БАҚ

АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысының орынбасары Миньон Хьюстон Украинаға қатысты ресми мәлімдеме жасап, Вашингтон Киевпен «иық тіресе» бірлесіп тұруды жалғастыратынын жеткізді. 

Бұл туралы ол Эстонияның Postimees телеарнасына берген сұхбатында айтты. Оның сөздерін Мемдептің баспасөз қызметінің жетекшісі Тэмми Брюс 2025 жылғы 3 тамызда X (бұрынғы Twitter) желісінде жариялады.

«Бұл әкімшілік аймақта ұзақ мерзімді, берік және тұрақты бейбітшілік орнатуға ұмтылады. Біз Украинамен иық тіресе тұруды жалғастырғымыз келеді, әсіресе, Киев бейбітшілік орнатып, бейбіт тұрғындар мен маңызды инфрақұрылымдарға шабуылдарды тоқтату үшін толық және жан-жақты бітімге шақырып жатқан сәтте шегінбейміз», - деді Хьюстон.

Бұл мәлімдеме АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффтың Ресейге сапары қарсаңында айтылды. АҚШ-тың НАТО жанындағы тұрақты өкілі Мэтью Уитэкердің айтуынша, Уиткоффтың алдағы сапары «нәтижелер беруі мүмкін». Уиткофф 3 тамызда Тель-Авивте Газадағы тұтқында отырған адамдардың туыстарымен кездесіп, АҚШ олардың үйлеріне оралуын қамтамасыз етіп, радикалды ХАМАС қозғалысының жауапқа тартылуына ықпал ететінін мәлімдеген. Осыдан кейін ол Мәскеуге баруы тиіс.

Трамп Мәскеуге 8 тамызға дейін «уақыт берді»

АҚШ президенті Дональд Трамп Уиткоффтың Мәскеуге сапары туралы 31 шілдеде хабарлаған болатын. Ол Ресейдің Украинаға қарсы жаңа шабуылдарын «жиіркенішті» деп атап, Мәскеуге қарсы жаңа санкциялардың енгізілуі мүмкін екенін ескерткен.

«Біз санкция саламыз. Оның (Путиннің) санкциялардан қорқатынын білмеймін», –-деді Трамп.

Ол 29 шілдеде Ресейге Украинаны бейбіт жолмен реттеуге 10 күн мерзім берген. Бұл мерзім 8 тамызда аяқталады. Сондай-ақ, Трамп 7 тамыздан бастап Үндістанға қатысты 25 пайыздық баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Ол Нью-Делиді Ресейден энергия тасымалдауын жалғастырып отыр деп айыптаған.