Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:45

Трамптың Қазақстанға жолдаған “тосын сәлемдемесі”

Тоқаев
Фото: zhasalash.kz

Трамп Қазақстанға күтпеген “сәлемін” жолдады.

Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеме жасап, 1 тамыздан бастап Қазақстаннан АҚШ-қа жеткізілетін тауарларға 25 пайыздық кедендік тариф енгізетінін хабарлады.

Хат
Фото: TS

"2025 жылғы 1 тамыздан бастап секторлық баждардан бөлек, Қазақстаннан Америка Құрама Штаттарына жіберілетін кез келген тауарға небәрі 25 пайыз мөлшерінде баж салығын саламыз", - деп жазылған құжатта.

Алайда Трамп бұл шектеудің баламасын да ұсынды: егер Қазақстан АҚШ аумағында өндіріс ошақтарын іске қоссақ, онда жаңа баж салығы алынып тасталуы мүмкін.

АҚШ басшысы бұл қадамды “АҚШ пен Қазақстан арасындағы ұзақ уақыттан бергі елеулі сауда тапшылығын теңестіру үшін қажет” деп түсіндірген. Сонымен бірге, Трамп баж салығы мөлшері Қазақстан тарапының жауабына қарай өзгеруі мүмкін екенін ескертіп, оны көтеруге де, төмендетуге де болатынын айтқан.

Хат
Фото: TS

"Қандай да бір себептермен сіз де тариф енгіземін деп шешсеңіз, оларды қай деңгейде енгізсеңіз де, біздің 25 пайызға қосылады. Бұл тарифтер сауда кедергілерін түзету үшін қажет екенін түсініңіз. Сауда теңгерімсіздігі біздің экономикамызға және ұлттық қауіпсіздігімізге үлкен қауіп төндіреді!" - деп жазылған хатта.

Мұндай мазмұндағы хаттар Малайзия, Лаос, Мьянма, Оңтүстік Африка, Жапония және Оңтүстік Корея елдерінің басшыларына да жолданған. Онда баж салығы мөлшері 25-тен 40 пайызға дейін белгіленген.

Бұған дейін не болған еді?

Трамп шетелден жеткізілетін барлық тауарларға қосымша баж салығын енгізетінін мәлімдеген болатын. Жаңа талаптарға сәйкес, Еуроодақ елдерінен келетін өнімдерге 20 пайыз, Швейцариядан – 31 пайыз, Ұлыбританиядан – 10 пайыз, Израильден – 17 пайыз, ал Қазақстаннан жеткізілетін тауарларға 27 пайыз баж салығы салынатыны айтылған. Ең жоғары тариф Вьетнам (46%), Камбоджа (49%) және Лаосқа (48%) тиесілі болды.

Кейіннен бұл жағдайға байланысты Қазақстанның Сауда министрлігі ресми түсініктеме берді.

Араға біраз уақыт салып, Трамп Қытайдан басқа елдерге қатысты бұл тарифтік шешімін 90 күнге кейінге қалдырғанын хабарлады.