ХАМАС Газадағы соғысты тоқтату туралы жаңа ұсынысты қабылдады

Бұл бастаманы араағайын ретінде қатысқысы келген Мысыр мен Катар ұсынғанын Al Jazeera телеарнасы хабарлады.
«Біз олардың кеше ұсынған бастамасын қабылдағанымызды делдалдарға жеткіздік», - деп мәлімдеді ХАМАС өкілі.
Телеарна дерегінше, бұл шешім Катар премьер-министрі шейх Мұхаммед бин Абдулрахман бин Жасим Әл Тани мен Мысыр президенті Әбдел Фаттах әс-Сиси Каирде келіссөз жүргізгеннен кейін қабылданған.
ХАМАС өкілдері сонымен қатар Газадағы атысты тоқтату жөніндегі ұсынысқа оң жауаптарын ресми түрде делдалдарға жолдағанын растады.
Еске сала кетейік, бұған дейін қозғалыс Мысыр мен Катардан палестиналық анклавтағы қақтығысты реттеу туралы жаңа ұсыныс алған еді. Ал Израиль премьер-министрінің кеңсесі Тель-Авив палестиналық қозғалыспен бейбіт келісім жасауға дайын екенін, бірақ ол үшін барлық тұтқындарды бір мезетте босату қажет екенін хабарлады.
Сондай-ақ Израиль үкіметі елдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуның Газа анклавындағы аттас қаланы басып алу туралы шешімін мақұлдады. Бұл туралы Axios порталының журналисі Барак Равид хабарлады.
“Израильдің қауіпсіздік кабинеті премьер-министр Нетаньяхуның Газа қаласын басып алу жөніндегі ұсынысын мақұлдады”, - деп жазды ол Х әлеуметтік желісінде дереккөзге сілтеме жасап.
Нетаньяху халықаралық және ішкі сынға қарамастан, бүкіл Газа секторын бақылауға алуды көздеп отыр.
Бұған дейін Нетаньяху үкіметпен бірге Газа секторын толық басып алу туралы бұйрық беруге дайындалып жатқаны хабарланған еді. Ynet порталының дерегінше, Израиль бүкіл анклав аумағында белсенді әскери операцияларға көшуді жоспарлап отыр, соның ішінде тұтқындар ұсталып отырған аудандарда да ұрыс жүргізілмек.