Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Назарбаев университетінің жатақханасында студент қыз көз жұмды

Назарбаев
Фото: zhasalash.kz

Назарбаев университетінің баспасөз қызметі жатақханалардың бірінде студент қыздың қайтыс болғанын хабарлады.

«NU жатақханаларының бірінде қайғылы оқиға орын алғанын үлкен өкінішпен хабарлаймыз. Біз бұл ауыр қайғыны бірге бөлісеміз және марқұмның туған-туыстарына шын көңілден көңіл айтамыз. Қазіргі уақытта жағдай бақылауда: тиісті жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр, құқық қорғау органдары мен психологтар жұмыс істеуде», - делінген сәрсенбі күні таратылған хабарламада.

Университет пен уәкілетті органдар расталмаған немесе жалған ақпарат таратпауға шақырды.

«Марқұмның туыстары да БАҚ, блогерлер, чаттар мен пабликтерден бұл қайғылы жағдай туралы ақпарат таратпауды өтініп отыр. Баршаңызды отбасы мен жақындарының сезіміне құрметпен қарауға шақырамыз», - делінген хабарламада.

Журналистер оқиғаға қатысты нақты мәлімет сұрағанда, министр нақты жауап бермей, бұлыңғыр жауап қайтарды. Назарбаев университетінде студент қыздың өзін-өзі өлтіру фактісі тіркелді. Бұл ақпаратты ішкі істер министрі Ержан Сәденов растады.

"Оның қашан болғанын білудің сіздерге не керегі бар? Мен, әрине, хабардармын", - деді ол.

Кейінірек министр студенттің қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

"Бұл іс аясында тексеру жүргізіліп жатыр, барлық мән-жай анықталуда", - деді Сәденов.

Университеттің ресми өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірмеген. Қайғылы жағдайдың нақты себептері әзірге белгісіз. Бұл қайғылы оқиға – білім ордасындағы жастардың қауіпсіздігі мен психологиялық қолдауының маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.

Еске сала кетейік, осы қыста Назарбаев университетінің студентінен әйелдер дәретханасында түсірген 30 бейнежазба табылған болатын.