Еуроодақ Украинаға әскери көмекті екі есе арттыру арқылы Путинге ескерту жасады

Егер Ресей бейбіт келісімге келмесе, Еуроодақ Украинаға көмекті едәуір арттыруы мүмкін. Бұл туралы ЕО-ның қорғаныс жөніндегі комиссары Андрюс Кубилюс мәлімдеді.
Оның айтуынша, егер АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Владимир Путинді соғысты тез арада аяқтауға көндіре алмаса, Еуроодақ Украинаға көмекті екі еселеуі ықтимал.
Кубилюстің сөзінше, қазіргі таңда ЕО мен АҚШ Украинаға жыл сайын шамамен 40 миллиард еуро көлемінде әскери көмек көрсетіп келеді. Бірақ бұл қаражатты әлдеқайда тиімді пайдалануға болады – мәселен, дәл осы соманы украиналық өндірушілерден арзан қару-жарақ сатып алуға бағыттауға болады.
«Бұл тәсіл Украинаға түсетін қару көлемін екі есеге арттырып, сол 40 миллиард еуроның нақты құнын 80 миллиард еуроға теңестіреді», – деп жазды Кубилюс әлеуметтік желіде (X, бұрынғы Twitter).
Ол бұл қадам Украина үшін де, Еуроодақ үшін де тиімді болатынын атап өтті, себебі бұл бір жағынан соғысқа қажетті ресурстарды көбейтсе, екінші жағынан украин өнеркәсібін қолдауға мүмкіндік береді.
Еурокомиссар ЕО елдерінің Украинаға көмек көрсету үшін жаңа құралға ие екенін еске салды — олар қорғаныс мақсатындағы несиелерді пайдалана отырып, Киевке әскери жабдықтарды сатып алуды қаржыландыра алады. «Дәл осы жолмен "Күш арқылы бейбітшілік" формуласы шынайы түрде жүзеге аса алады. Несие — бұл Украинаға арналған күш!», – деп атап өтті Кубилюс.
Биыл Еуропалық Одақ қабылдаған ауқымды қайта қарулану жоспары аясында Еуропалық комиссия 150 миллиард еуро көлемінде несие бөледі. Бұл қаржы бірлесіп қару-жарақ сатып алу мен өндіруді жеделдетуге бағытталған. Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, жаңа қаржылық мүмкіндіктер ЕО елдеріне Украинада қару-жарақ өндіруге инвестиция салуға немесе жергілікті компаниялармен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде украин әскери-өнеркәсіптік кешенін еуропалық жүйеге біріктіруге жол ашады.
Бұған дейін The Washington Post газеті еуропалық шенеуніктерге сілтеме жасап, ЕО-ға мүше елдердің көбі тікелей қару-жарақ жеткізудің орнына Украина қорғаныс өнеркәсібіне инвестиция салу мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазды. Себебі, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы үш жылға созылғандықтан, Еуропадағы қару-жарақ қоры айтарлықтай азайған. «Бұл екі жаққа да тиімді. Біз үшін арзанырақ, ал оларға — өндіріс қажет. Оның үстіне украиндар бізге көп нәрсе үйретіп жатыр», - деді WP дереккөзі.
Еуроодақ Киевке гаубица өндірісі үшін 1 миллиард еуро бөлді. Соның арқасында Украинада НАТО стандартына сай 155 мм калибрлі «Богдана» атты өздігінен жүретін және сүйретпелі гаубицалар шығарыла бастады. Бұл гаубицалардың 85 пайыздан астам компоненттері жергілікті кәсіпорындарда өндіріледі. Украина Қорғаныс министрлігінің Қорғаныс сатып алулары агенттігінің басшысы Арсен Жұмаділовтың айтуынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 95 пайызға жетеді деп болжануда. Оның сөзінше, жергілікті өндірістің көлемі Еуропада теңдесі жоқ деңгейде — еуропалық әріптестермен ынтымақтастықтың арқасында 2023 жылы айына 6 гаубица шығарылса, биыл бұл көрсеткіш 20-ға дейін өсті.