Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:55

Балалар үйінің орнына Назарбаевтық байлар коттедждер сала ма?: депутат дабыл қақты

Базарбек
Фото: zhasalash.kz

Биыл наурыз айында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматыдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен жеке кездесіп, олардың Алматыда – өз үйлерінде қалатынын, ал жаңадан қабылданатын балалар бірден Қонаевтағы жаңа мекемеге орналастырылатынын уәде еткен еді.

Алайда жаз келіп, көптеген бала лагерьлер мен туыстарына кеткен шақта күтпеген жаңалық белгілі болды. Мекеме басшылығы қалған тәрбиеленушілерге 10 тамызға дейін Қонаевқа көшірілетінін хабарлаған.

Бұл шешімге Алматы облысының білім басқармасының басшысы Айгүл Маралбаева қол қойған. Аталған бұйрық әкімнің бұрынғы уәдесіне қайшы келеді.

Қазір балалар үйінде шамамен 140 бала тұрып жатыр. Балалардың мүддесін қорғайтын ерікті әрі белсенді азаматша Юлия Нестерованың айтуынша, балалар бұл жаңалықты өте ауыр қабылдаған.

«Қазір балалар өздерін алданған, шеттетілген сезінеді. Олар билікке сеніп, өмірлерінде енді өзгерістер мен жоғалтулар болмайды деп үміттенген еді. Балалардың да тұрақтылыққа, үйге және құрметке құқығы бар ғой», - дейді Юлия.

Ол Алматыда балалардың достары, үйренген ортасы, түрлі үйірмелер мен спорт секциялары бар екенін, ал созылмалы ауруы бар балалар қаладағы ауруханаларда емделу мүмкіндігінен айырылатынын атап өтті.

Балалар үйін көшіру туралы дау 2025 жылдың басында басталған. Ол кезде тәрбиеленушілерді Алматыдан Алматы облысындағы Заречное ауылына көшіру жоспарланғаны белгілі болған. Балалар бұл шешімге қарсылық білдіріп, әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы қоғамнан көмек сұраған. Жаппай қолдау мен балалар омбудсмені Динара Закиеваның араласуы нәтижесінде мәселе уақытша шешілген еді, бірақ тек сөз жүзінде.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жаңа бұйрықпен танысқан соң, балалар үйінің жер телімі элиталық құрылысқа беріліп кетуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.

«Әрине, бәріміз жетім балалардың жақсы жағдайда өмір сүргенін қалаймыз. Бірақ Бағанашылдағы “алтын” жер учаскесін Назарбаевтық бай-манаптар иеленіп, тау көрінісі бар элиталық таунхаус, коттедж салатын жағдайға тап болмаймыз ба?!» - деді депутат.

Айта кетейік, балалар үйінің қазіргі ғимараты апатты жағдайда. Балалар мен тәрбиешілер бірнеше ай бойы уәде етілген жөндеуді күтіп келген.

Ал мекеме орналасқан Бағанашыл ықшам ауданы – табиғаты таза, тауға жақын аймақ. Бұл жерде негізінен жеке үйлер, виллалар, коттедждер мен элиталық тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Мұндағы жылжымайтын мүлік бағасы жоғары: коттедждер 100 миллион теңгеден бастап, 4 миллиард теңгеге дейін жетеді.