Ресей Байқоңырды мерзімінен бұрын қайтаруды қарастырып жатыр

Ресей билігі Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алу туралы келісімді белгіленген мерзімнен ерте тоқтатуы мүмкін.
Telegram желісіндегі INSIDER-T арнасының хабарлауынша, Ресей Қазақстанмен Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану жөніндегі келісімді белгіленген мерзімінен бұрын тоқтату ықтималдығын қарастырып жатыр.
Басылымның мәліметіне сүйенсек, Байқоңыр ғарыш айлағын Қазақстанның толық иелігіне қайтару туралы шешім 2026–2028 жылдар аралығында қабылдануы мүмкін. Бұл бастама жоғары деңгейде алдын ала мақұлданып, қазіргі таңда Сыртқы істер министрлігі мен «Роскосмос» сияқты негізгі мемлекеттік мекемелерге жеткізілген. Мәліметтерге қарағанда, Ресей билігі бұл мәселені стратегиялық тұрғыдан қарап, болашақта Байқоңырдан біржола бас тартуға дайындық жүргізіп жатыр.
– Қазір Байқоңыр аумағы 2050 жылға дейін Ресей мен Қазақстанның бірлескен басқаруында. Алайда Кремль қазіргі таңда өзге ғарыш айлақтарының қуаты жеткілікті деп есептейді. Сондықтан Қазақстанмен бірлескен жобадан және Байқоңыр ғарыш айлағын, сондай-ақ аттас қаланы қаржыландырудан толық бас тартуға болады деп санайды, - делінген жарияланымда.
Айта кету керек, бұл ақпаратқа қатысты әзірге Қазақстан мен Ресейдің ресми органдары тарапынан ешқандай растау немесе түсініктеме берілген жоқ.
2025 жылға арналған республикалық бюджет жобасына сәйкес, Ресей «Байқоңыр» кешенін пайдалану үшін 54 млрд теңге, ал әскери полигондарды пайдаланғаны үшін 9,4 млрд теңге көлемінде жалдау ақысын төлеуі жоспарланған. Бұл сома алдын ала бекітілген құжатта көрсетілген.