Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:00

Шерзат ісі: Сотталушы Абзалдың адвокаты судьяға қарсы шағым түсірді

Сот
Фото: Жоғары сот

Былтыр Талғар қаласында жаппай төбелес кезінде қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде күтпеген оқиға болды – сотталушы тараптың қорғаушысы төрағалық етуші судьяға қарсы шағым түсірді.

28 мамыр күні өткен сот отырысында, күннің бірінші жартысында істі зерттеу жалғасты. Алайда түскі үзілістен кейін сотталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Жанқал Елдосұлы Әбенов судья Ержан Саттарұлы Жанұзақовқа сенімсіздік білдіріп, шағым түсіргені белгілі болды.

Бұл ақпаратты Жоғары соттың ресми Telegram-арнасы жариялады:

«ҚПК-нің 87-бабының 11-бөлігіне сәйкес, істі жалғыз қарайтын судьяға қарсы шағымды сол соттың төрағасы немесе басқа судья қарайды. Осы нормаға сай, арызды Талғар аудандық сотының судьясы А.А. Беймбетов қарайтын болады».

Әзірге адвокаттың не себепті судьяға қарсы шағым түсіргені белгісіз. Жоғары сот процестің қай уақытта жалғасатынын кейін хабарлайтынын мәлімдеді.

Еске салайық, сот процесі 10 сәуірде басталған. Қайғылы оқиға өткен жылы, мектеп маңындағы жаппай төбелес кезінде орын алған. Жасөспірім Шерзат Полат пышақ жарақатынан қайтыс болған.

Іс бойынша 9 адам күдікті деп танылған. Олардың арасында Абзал Шынасыл, Равиль Сәкиев, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов және Думан Ысқақ (кәмелетке толмаған) бар.

Айта кетейік, егер сот оларды кінәлі деп таныса, 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

 

Тегтер: