Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:15

Нысанбаев: 1 миллионға жуық киік Ресейге өтті

Ресей
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Бұл ақпаратты экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев растады.

Оның айтуынша, министрлік Ресей Федерациясындағы әріптестерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Киіктердің шекарадан өтуі Қазақстан тарапынан да, Ресей тарапынан да тіркеліп отыр.

«Санына келсек, иә, бүгінгі таңда шамамен 1 миллион бас киік Ресейге өткенін растаймыз», - деді министр.

Министрдің сөзінше, Батыс Қазақстан облысында мекендейтін киіктің Орал популяциясы кеңестік кезеңнен бері жаз айларында аптап ыстықтан қашып, Ресейге – тарихи жазғы жайылымдарға қарай көшіп отырады.

«Бұл популяция ғасырлар бойы Ресейдің даласына қарай жылжып отырған. Қазіргі жағдай – осының жалғасы. Біз олардың еркін өтуіне жағдай жасадық. Бұған дейін ақпарат құралдарынан көрген боларсыздар, бүгінде киіктер Ресейдің шекара маңындағы аймақтарында ауыл шаруашылығына зиян келтіріп жатыр. Сол себепті олар қызыл кітаптан шығару мәселесін қарап жатыр. Бұл – Ресейдің шешімі. Тіпті мен жақында ғана Саратов облысында киікті ату жоспарланып отырғанын оқыдым», - деді Нысанбаев.

Министрдің сөзінше, Ресей өз территориясына ауып кеткен киіктерді атуға рұқсат берген. 

Еске салайық, Саратов облысындағы фермерлер мамырдың екінші онкүндігінде басталған киіктердің жаппай көші салдарынан егістік алқаптары, жайылымдар мен шабындық жерлер тапталып, толық жойылып жатқанын айтып, Ресей президенті Владимир Путинге жүгінді. Бұл туралы «Взгляд-инфо» басылымы хабарлады.

Фермерлердің айтуынша, ең қатты зардап шеккен аумақтар – Александров-Гай, Питер және Новоузен ауданы.

Сонымен қатар олар Малая Узен өзенінде киіктердің жаппай қырылып жатқанын айтып, дабыл қақты. "Бұл өзеннің суы ауызсу көзі ретінде пайдаланылады, ал өлекселердің суда жүзуі – тұрғындардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді", - дейді жергілікті шаруалар.